Дүкен арбаларын жалға беру бизнесі 1,5 миллион доллар әкеле алады

3389

ТМД аумағында кәсіпкерліктің жаңа түрі – "тележка-шеринг" дами бастады.

Дүкен арбаларын жалға беру бизнесі 1,5 миллион доллар әкеле алады Фото: canva.com

Елордадағы Magnum ірі сауда желісінің "тележка жинаушысы" болып істеген Ерлан бұл жұмыстың бір қиыншылығын айтты.

"Кейбір адамдар, соның ішінде іргедегі тұрғын үйлердің, мысалы, "Тараз" тұрғын үй кешенінің бірқатар тұрғындары дүкен арбасына толтырып, тауар алып шығады да, сол күйде үйіне тартып отырады. Артынан тележканы ауласына тастап кетеді. Немесе іргедегі "Артем-базарға" алып кетуі мүмкін. Кейбір қайырымды адамдар тауып алса, жазуынан танып, әкеліп тапсырады. Мұның бәрі дүкенге қып-қызыл шығын. Шығындарды басшылар қызметкерлерден өндіріп алуы мүмкін. Егер жабық қақпа мен күзет болса, бұлай жасай алмас еді, бірақ әкімдік қоршаудың бәрін алғызып тастады", – дейді Ерлан.

Мұндай ұрлықты еш ақтауға болмайды, бірақ оның бір себебі белгілі. Қазақстанда утилизациялық алым, тым жоғары баж-кеден салығы, девальвация, шетелден арзан көлік әкелуге шектеу енгізу және басқасы кесірінен жеке автомобиль халық үшін қолжетімсіз болып барады. Содан тауар толы сөмкесін арқалаған ата-әжелер алыстағы аялдамаға дейін бірнеше рет тоқтап, деміге әзер жетеді немесе бір қолымен балаларын жетектеп, екінші қолымен ауыр-ауыр пакеттерін белі қайыса көтерген аналарды көруге болады.

Әрине, елде дайын тамақты немесе азық-түлікті жеткізіп беретін сервистер жетерлік. Ұялы қосымшалар арқылы тапсырыс берсеңіз, ірі сауда желілері азық-түлікті үйіңізге әкеледі. Алайда егер олардың бәрі проблемаларды толығымен шешсе, онда миллиондаған адам қазіргідей гипермаркет, дүкен, базарларға шұбырмас еді.

Сондықтан бизнесмендер бұл мәселенің де технологиялық шешімін іздей бастады. Мысалы, бүгінде Ресейде, Беларусьте дүкен тележкаларын тәулігіне арендаға беру тәжірибесі енгізіліп жатыр. Бірақ оның да кемшілігі бар: дүкен арбасын кері әкеліп тапсыруыңыз қажет. Бұл жағы үнемі сүрлігіп, қолы тимейтін көп балалы аналарға, жүріс-тұрысы шектелген адамдарға, қарияларға ыңғайсыз.

Тың шешімді беларусьтік студент, жас кәсіпкер Глеб Бродко ойлап тапты. Одан қазақстандық жастар, стартапшылар үлгі алсын, іске жаратсын деп, жаңа бизнес түрін баяндай кеткенді жөн көрдік.

Беларусь ұлттық техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және робототехника факультетінің үшінші курс студенті Глеб Бродко серіктестері Артем Градусов, Даниил Дрозд, Александра Бортник және басқасымен бірге "CartON" инновациялық жобасын ойлап тапты. Олардың бұл жобасы "Беларуське арналған 100 идея" жастардың республикалық инновациялық бағдарламасына енді.

"CartON" жобасы – сатып алушыларға тауарларын дүкеннен үйіне қол арбасымен өз бетінше, жаяу тасып жеткізуіне мүмкіндік беретін қызмет. Тұжырымдамасы жөнінен еліміздің ірі қалаларында дамып келе жатқан "самокат арендасына" ұқсас. Кез келген жерден алып, пайдаланған соң, қалаған жеріңізге тастап кете бересіз.

Ішінара мемлекеттің қолдауымен, ішінара инвесторлар мен краудфандинг тәсілі арқылы қаржыландырылатын "CartON – ыңғайлы тележкалар шерингі" жобасы келесідей сипаттамаға ие. Сыртқы кейпіне қарай кәдімгі чемоданға ұқсайтын арба-тележкалар, самокаттар сияқты арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істейді. Оларды ұрлап алуға, немесе үй ішінде ұстауға болмайды. Әрбір өнім GPS-трекермен жабдықталған. Сондықтан сервис мамандары алақол жанды тез тауып, оның үйіне тәртіп сақшыларын ерте келеді.

Глеб Бродконың түсіндіруінше, мәселен, акцияға, жаппай сатылымға қызығып, көтере алмайтын көлемде, шектен тыс көп тауар сатып алған адам дүкеннен шыға сала, қосымшаның көмегімен тележканы жалға алады. Бұл ретте болашақта олардың түрлі көлемін – шағын, орташа, үлкен көлемде жасау, немесе қажетіне қарай ұлғайтуға не кішірейтуге болатын конструкциясын әзірлеу пысықталуда екен.

Ең бастысы, оны жалға алған адам азық-түлігін үйіне жеткізгеннен кейін арбаны ауласында, қалаған жерінде қалдырып кете алады. Кері қайтару қажет емес.Глеб бұл жобаны қалай ойлап тапқанын әңгімеледі.

"Тележка-шерингі идеясы бірде сүйікті қызыммен бірге дүкеннен қайтып келе жатқанымызда туындады. Пакеттеріміз ауыр, көлігіміз жоқ, таксиге қаржы қалмаған. "Дүкеннен арбаны алып кетіп, сонымен тауарларды үйге дейін жеткізуге рұқсат етілсе, тамаша болар еді" дейміз. Бұл идея шамамен бір ай бойы ойымнан шықпай, ақыл-есімді жаулап алды. Бірақ оны жүзеге асыру тым күрделі сияқты көрінді. Алайда қызым қоярда қоймай үгіттеп, өзім оқитын Беларусь мемлекеттік университеттің стартап-хабында жобамды тіркетуге көндіре алды. Сонда команда жасақтап, жобаны пысықтап, Startup Space University бағдарламасына қатыса келе, бұл өнімнің нарықта үлкен сұранысқа ие екенін түсіндік", – дейді Глеб.

Бағдарлама менторлары, кәсіпкерлер жобаны дамытуға, арбаның кемшін тұстарын тауып, жетілдіруге, нарыққа талдау жүргізуге, халық тарапынан сұраныстың бар-жоғын зерттеуге, прототипті жасауға үйретіп, баулиды. Нәтижесінде, нарықта қызығушылықтың зор екенін білген.

"Осылайша, бізде идеямыздың жақсы және елге қажет екеніне сенім пайда болды. Біздің арбалар жаяу жүргіншілерді пакеттерді қолмен тасыған кезде сезінетін физикалық ауыртпалықтың, әсіресе, арқаға түсетін жүктеменің 80%-ынан құтқарады. Сондай-ақ адамдар еш алаңсыз көбірек азық-түлік сатып ала алады. Бастапқыда, тележканың бірінші прототипін командамызбен гаражда өзіміз жасап шыққанбыз. Дегенмен, оның олқылығы көп болатынын түсіндік. Халықаралық тәжірибені және технологияларды терең зерделей келе, ақыры өнімді алдымен тапсырыс бергізіп, Қытайда жасатуға шешім қабылдадық. Ары қарай тележкалардың өндірісін Минскіде жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытайдағыдан арзанға түседі", – деді идея авторы.

Ең бастысы, жоба өзін өзі ақтауға тиіс. 19 жасар беларустік студент осы жобасы арқасында айына 1,5 миллион доллардай табыс таба алатынына сенімді.

"Бүгінде біздің стартап бірден екі нарыққа бағдарлануда: біріншісі – шеринг. Арбаларды жалға алу нарығы Беларусь астанасының өзінде шамамен 1 миллион пайдаланушыны құрайды. Екінші нарық – жарнама. Біз әрбір арбада көлемі әртүрлі жарнамалық баннерлер орнатуға ниеттіміз. Оны тұтынушылар, көшедегі жүргіншілер мен жолаушылар, сауда орындарының сатып алушылары көреді. Бұл тұрғыда алғашқы уағдаластықтарға қол жеткіздік", – деді Глеб Бродко.

Оның командасы стартапты алдағы айда, жазда іске қосуға әзірленуде. Сол кезде қосымша да, "MVP тележка" да толығымен дайын болуы шарт. Соған дейін арба қалада тестілеуден, сынақтан өте береді.

Бастау үшін шамамен 50 арба керек көрінеді. Бұл – жобаны 2 миллиондай халқы бар Минск мегаполисінің бір ауданында іске қосу үшін жеткілікті. Жобаның осы бастапқы кезеңі 20 мың доллар шығынды талап етеді.

Ал бүкіл Минскіні қамту үшін кем дегенде 1-2 мың тележкаға тапсырыс беру қажет болады. Жоба өз максимумына, қазіргі жоспардағы шыңына шығып, 6-7 мың тележканы пайдалануы үшін 6 миллион доллар инвестиция керек екен.

"Ағымдағы есеп-қисабымыз бойынша бір ғана Минскіні қамтысақ, біздің стартапымыз айына 1,5 миллион айналасында табыс әкеле алады. Шерингтің өзге түрлерінің нарығы жақсы дамыған, яғни бұл бизнестің мәні тұрғындарға түсінікті Мәскеу нарығына шығу ойымыз бар. Таяуда біздің жобамыз "Беларуське арналған 100 идея" республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Нәтижесінде, Технопаркке мүше болу мүмкіндігін иелендік", – деді Глеб.

Ол өз командасымен CartON сыртында тағы да бірнеше жобамен айналысуда. Соның бірі – логистикалық компанияларға арналған болжаушы нейронды желі. Бұл жобасымен төл университеті және RTL Alliance ұйымдастырған хакатонда сайысқа түсіп, жеңіп шықты. Содан кейін оны да монетизациялауға шешім қабылдапты.

Краудфандинг анықтамасында айтылғандай, арбаның менторлар тарапынан пысықталған бастапқы нұсқасы дайын. Баспалдақтармен көтеріп-түсіру үшін тележканың артқы жағы үш дөңгелекпен жабдықталған.

Жыл мезгілдеріне лайықталып, дөңгелектері ауыстырылып тұрады. Өнімнің өзі су өткізбейді, жаңбырдан, қардан, бұршақтан қорғалған көрінеді. Чемодан типті арбалар ұрлыққа қарсы GPS трекерлермен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.

Мысалы, егер адам тележканы жалға алмай, сүйреп ала жөнелсе, оның қозғалыс датчиктері іске қосылып, жол бойы "байбаламға" салып, дабылдаумен болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу