Дегенмен сатып алғалы тұрған заты отандық тауар ма немесе импорттық өнім бе – көз жүгіртетіндер аз. Мәселеге қатысты жорамалдар да әртүрлі, салаға қатысты ведомстволар "отандық өнім үлесі өсіп жатыр" десе, кей сарапшылар деректерге күмәнмен қарайды. Бұл бағыттағы жұмыстар расымен ілгерілемей келе ме?
Ішкі нарық қолдауға зәру
Сауда министрлігі әр кез отандық өндірушілерді қолдау, жұмыс орындарын сақтау және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жобалар жеткілікті екенін қайталаумен келеді.
Мәселен, таяуда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мемлекет алдында заманауи көпформатты сауда үлесін 2029 жылға дейін 70%-ға жеткізуді көздейтін стратегиялық мақсат тұрғанын айтып, былтыр 16 сауда орнында жаңғырту аяқталғанын мәлімдеді. Биыл шамамен 100 нарықты толық жаңғырту міндеті тұр екен.
Министрдің сөзіне сүйенсек, осы мақсатты жүзеге асыру үшін биыл 5,27 млрд теңге бөлініпті. Супермаркеттердегі сөрелердің кемінде 50%-ын қазақстандық азық-түлік өнімдері, 20%-ын азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрауға тиіс.
Бұл – үкіметтің ұзақ жылдар бойы қайталап келе жатқан жоспары. Дегенмен меже жеткізбей келеді. Әсіресе, Қазақстан дүкендерінде ресейлік тауарлардың үлесі көп, жартысына жуығын алып тұр, бағасын да арзандатып қояды. Салдарынан отандық өндірушілер бәсекелесе алмай, зиян көруде.
Былтыр журналистер Сауда және интеграция министрлігінің өкілдеріне қарата "отандық тауарлар үлесі 38%-ға дейін түсіп кеткенін" жеткізген болатын. Кей зауыттардың жабылып жатқаны қоса айтылды. 2023 жылы 2 қант зауытының жабылғаны – осыған дәлел.
Дегенмен Сауда және және интеграция министрлігінің өкілдері "жаппай қолданыстағы өнімдер бойынша отандық тауарлар үлесі 90 пайыздан асады" деп бет бақтырмады. 90 пайыз! Әрине, бұл санға сену қиын.
Қазір көп ел ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, Қазақстанда ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара бар.
Былтыр Мәжіліс депутаттары азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын қарап шыққаны мәлім. Бірақ жобаның ұсыныстарын қабылдамаған. Одан соң "Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қарастырылды. Салалық одақ басшылары сол кезде бұрыннан шешімін таппай жүрген бірнеше жайтты атаған.
Айтуларынша, импорт үлесі отандық өндірістің қысқаруына байланысты бірнеше есе өсті. Ал қазақстандық өндірушілер сападан ғана емес, бағадан да ұтылып жатыр.
Мәселен, Ресей мен Беларусьтің біздегі импорттық үлесі өзімізге қарағанда, әлдеқайда жоғары. Беларусьте өндірушілерге мемлекет қолдауы – 18%. Ресейде – 10%, ал Қазақстанда – 6%. Бірнеше жыл бойы олар қолдауды арттыра берді, ал біз тұраладық, салдарынан диспропорция өзгеріссіз қалды.
Шетелдік тауарларды шектеген жөн бе?
Ішкі нарықты қолдау арқылы ғана отандық кәсіпорындардың дамуына жол ашуға болатыны білінді. Дегенмен оны неден бастаған жөн?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бірінші кезекте өндірісті ынталандырып, технологияны дамыту керек. Отандық кәсіпорындарға субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер берілгені жөн.
– Шикізаттық тәуелділікті азайтып, өнеркәсіпті әртараптандыруды қолға алуымыз керек. Әсіресе, жеңілдетілген несиелерге деген қолжетімділікті арттыру керек. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту, оның ішінде бюрократиялық кедергілерді жою да маңызды рөлге ие. Жергілікті өндірісті ынталандырудың тағы бір жолы – мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық өндіріске басымдық беру. Энергетикалық, цифрлық инфрақұрылымды дамыту да аса өзекті мәселе. Одан кейінгі фактор – валюталық және қаржылық тұрақтылықты сақтау. Себебі ұлттық валютаның күрт әлсіреуі инфляцияны жоғарылатады. Сондықтан оны таргеттеу мен инвестициялық ахуалды жақсарту секілді факторлар отандық нарықты қорғауда рөл ойнайды, – дейді сарапшы.
Кейде отандық өндірісті қолдау үшін импорттық тауарларды шектеу бастамасын айтушылар бар. Былай қарасаңыз, керемет ой секілді, алайда экономист Б.Ысқақов бұл әрекеттен пайда бола қоймайтынын жеткізді. Егер ішкі нарық толық қорғалып, бәсекелестік шектелсе, отандық өндірушілердің тиімділігі төмендеп, өнім сапасы нашарлауы мүмкін.
Бұған қоса, біздегі агроөнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика секілді стратегиялық салаларды қолдауды күшейту қажет. Экспортқа шикізат емес, дайын өнімдерді шығару мәселесі бұрыннан шешілмей келеді.
Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ та тыныс аштырмай отырғандай. Сарапшылар одақ тек ресейлік және беларусь өнімдеріне көбірек мүмкіндік беріп, қалғанын тықсырып жүргенін айтуда. Тіпті, Сауда министрлігінің өзі "Еуразиялық экономикалық комиссия импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін белгілеу және өзгерту бойынша 24 шешім қабылдады" дей келе, соның арқасында отандық өндіріс дамитынына сендіргісі келіпті.
Қараңыз, Қазақстанда отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықты қолдау мақсатында 2024 жылы жекелеген тауарларды әкелуге және әкетуге шамамен 20 тыйым мен шектеу енгізілген. Соның ішінде Қытай, Украина және Үндістаннан әкелінетін өнеркәсіптік тауарларға қатысты 6 демпингке қарсы шара ұзартылыпты.
– Оның өзіндік артықшылықтары бар екені рас. Бұл құралдар отандық тауарларды қорғауға көмектеседі, жергілікті өндірісті ынталандырып, төлем балансын арттырады. Бірақ кем тұстары да бар. Мысалы, импорттық тауарлар қымбаттап, кейбір шетелдік серіктестер бізге санкциялар жариялауы мүмкін. Ал антидемпингтік саясатқа келер болсақ, оны да орнымен қолданатын кездер бар. Мысалы, нарықты шетелдік тауарлар арзан өніммен толтырып, отандық өндірушілерге зиян келтірсе, демпингке қарсы баждардың енгізілуі тиімді. Бірақ оның кері әсері де жоқ емес. Бұл саясат шектен тыс объективті болмауы керек. Өйткені мұндай жағдайда шетелдік инвесторлардың елден кету қаупі жоғарылайды. Сондықтан ең тиімді жол – бұл аралас тәсілді қолдану. Қазақстан ішкі нарығын толық жауып тастамай, "ақылды протекционизмдік саясат" ұстанғаны абзал, – дейді экономист Б.Ысқақов.
Дегенмен ішкі нарықтың проблемасы бұнымен бітпейді. Инфрақұрылым мен технологиялық базаның жетпеуін айтпағанда, көп салада импорттық тауарларға тәуелді екенімізді ешкім жасырмайды.
Оның үстіне теңгенің хәлі көпке аян. Сондықтан сауда балансын ұстау қиынға соға бермек.