Дүкендерді бос кезушілер кәсіпкердің бас ауруына айналды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
19440

Бүкіл әлемде бизнес үлкен бір қиындыққа, заманауи тілмен айтсақ, үлкен сын-қатерге (big challenge) кезігуде. 

Дүкендерді бос кезушілер кәсіпкердің бас ауруына айналды

Бұл құбылыстан Қазақстан да сырт қалмағандықтан, отандық кәсіпкерлер де оған дайын отырғаны абзал.

Қазақстанда "шоурум" сөзін әдетте, құрылыс саласы көп қолданады. Яғни, ірі салушылар өздері құрылысын жүргізіп жатқан тұрғын үй кешендеріндегі баспаналардың қандай болатынын көрсету үшін шағын орынжайда нысанның макетін, ондағы пәтерлердің шынайы ішкі көрінісін, интерьерін жасап қояды.

Ал дамыған елдерде бұл сөз негізінен, сән саласында қолданылады. Тиісінше, мәселен, еуропалық киім дүкендеріне, әсіресе, қымбат бутиктерге "шоурумға" айналып кету қаупі төнеуде екен.

Қазір мысалы, Алматыдағы, Астанадағы ең сәнді киімдер бутиктеріне толған заманауи сауда орындарының өзінен ешқандай сатып алынған заттарсыз шығып жатқан адамдарды жиі кездестіруге болады. Әрине, ондай адамдардың әрқайсысының әрекетін ақтайтын өз себебі болуы мүмкін. "Заттар бағасы қымбат, жай көйлекке "пәтердің құнын" сұрайды, сонша тұрмайды, алатындай ақымақ па?" Немесе "Ондағы бірде-бір бутик жоғары талғамымның талабынан шыға алмады". Бірақ қазіргі кезде бизнесті басқа нәрсе алаңдатуға тиістей.

"Жай ғана тамашалау" "эпидемиясы" жаһанды жайлап алды. Біздің ірі қалаларымызда да қаншама адам ай сайын ірі ойын-сауық-сауда орталықтарына ешқандай тауар алмау үшін барады. Тіпті қалтасында қаржысы жоқ болса да, әрбір сауда орнына бас сұғып, әр затты сатып алатын адамдай мұқият қарайтын жандар кездеседі.  

Дүниежүзіндегі алып мегаполистерде саудамен айналысатын шағын және орта бизнесті "шопингке" емес, "шоурумингке" (showrooming) келетіндер санының қаптауы алаңдатуда. Бір қызығы, АҚШ-та жүргізілген зерттеу келушілердің орташа есеппен 57%-ының ешқандай тауар алуға келмегенін анықтаған деседі. Олардың бар көксегені – тек қызықтау, тамашалау, нарыққа түскен жаңаны біліп отыру болып шыққан.

Келушілердің біраз бөлігі сауда орындарында, дүкендерде қандай да бір өніммен нақты танысып, қолға ұстап көріп, кейін оны Интернет-дүкендерден сатып алады екен. Өйткені дүкендерге, бутиктерге жалға алу-аренда, коммуналдық төлемдер, сатушылар және басқа персоналдық ақысы, өзге де көптеген төлемдерді төлеуге тура келеді, олардың барлығы заттың бағасына кіреді. Ал, Интернет-дүкендердің ондай үлкен шығындары жоқ. Демек, төмен бағамен сата алады.

Америкалық бизнесмендерді алаңдататын тағы бір жайт, осы жағдайлардың жартысында сатып алушылар кейін сол өнімді өндірушінің сайтына емес, "Amazon"-ға жүгінеді екен.

Нәтижесінде, көптеген "оффлайн" сатушылар – дүкендер мен бутиктер дағдарып, өнімдердің жекелеген түрлерін саудадан алып тастауға баруға мәжбүр. Осылайша, мысалы, Target бірте-бірте Kindle өнімдерін сату ниетінен бас тартты. Ол бұл байламын "өз дүкенінің аумағын көрме залы ретінде пайдалана алмайтындығымен" ресми түсіндірген. 

Best Buy басқа стратегияға көшті: олар жекелеген жеткізушілердің өнімдерінің бағасын дәл Интернеттегідей деңгейде ұстауға тырысуда. Бұл желі Amazon.com, Apple.com, Bhphotovideo.com, Dell.com, HP.com-дағы бағаларға мониторинг жүргізіп отырады.

Nordstorm тегін жеткізіп беруді енгізген, бірақ бұл премиум-сегментке қатысты. Басқа дүкендер желісі де "онлайнда" жетіспейтін тетіктерді іске қосуда: жайлы сервис, кепілдік берудің айрықша шарттары, бонустық жүйелер және басқалар. Әрине, мұның барлығы қосымша шығыстарға әкеледі, саудалаушының қалтасын қағады. Бірақ "шоуруминг" мәселесін толық шешпейді. 

Рас, бізде ірі ойын-сауық сауда орталықтарының қожайындарының арасында бұл мәселеге мән қойып жатқандары шамалы. Қайта отандық және шетелдік танымал әнші-актерлерді шақырып, кең сарайдай сауда орнының орталық холында тегін концерттер қояды, әртүрлі ойын-сауық шараларын ұйымдастырады. Тегін қойылымдарға келетіндердің көбісінің іс-шара бітісімен, үйлеріне тарап кететіндігіне бас қатырмайды. "Бәлкім, олардың бір бөлігі соңынан қалып, орталықты аралап, қызыққан затын сатып алар",- деп үміттенеді. Осылайша, "қарапайым халық арасында беделімді көтеремін",- деп ойлайды.

Ал, әлемдегі дамыған елдерде "босқа сенделуге келу" құбылысы нағыз "эпидемияға" айналды. Жай жүрген ығы-жығы халық шын сатып алушыларды үркітеді. Бүгінде миллиардерлер мен мультимиллионерлер, белді саясаткерлер, Голливудтың атақты "жұлдыздары" қанша танымал болса да, алып сауда орындарынан керегін іздеуге бармайды, оның орнына олардың таңдауы сырт көзден таса, бірақ мәртебелі аудандарда орналасқан, шын мәнінде брэндті, сапалы әрі сәнді киімдер мен заттар сататын дүкендерге түсе бастаған.  

Рас, бірте-бірте бізде де осы мәнсіз, зиянды құбылысқа қатысты түсінік келуде. Бірқатар сәнді бутиктер мысалға, барлық ұнаған киімдерін үстіне "жапсырып", айна алдында қызықтауға құмар қыз-жігіттерден, тіпті есер ересектерден қорғану үшін 5-10-нан артық киімді киіп көруге тиым салады. Сондай-ақ белгілі бір саннан артықты "шақтап көру" ("примерка") үшін ақы енгізгендері де бар көрінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу