Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына қатысты теріс пікір білдірді

23470

Шетелдік сарапшы Қазақстан үкіметі ірі компанияларды қамқорлығына алуды әдетке айналдырғанын айтты.

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына қатысты теріс пікір білдірді

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасы 2008-2017 жылдар аралығында қиын жағдайды бастан кешіргенін мәлімдеді. Мұндағылардың зерттеуінше, осы аралықта кері кету көрсеткіші бойынша ұлттық экономикамыз әлемнің бірқатар елдерінің экономикасын артқа тастаған.

Соңғы 9 жылда Қазақстан экономикасының даму көрсеткіші 10%-дан 4%-ға құлдыраған. Бұған 2008 жылғы қаржы дағдарысы әсер еткен.

"2 мыңыншы жылдары Қазақстан экономикасы ерекше қарқынмен дамыды. Себебі энергоресурстардың бағасы өсіп, ішкі сұраныс ұлғайды және инвестиция көлемі артты. Дәл осы кезеңде кедейшілік пен әлеуметтік теңсіздік көрсеткіші оң нәтиже көрсетті. Қиындық 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін басталды. Қазақстан экономикасының баяулағаны соншалық, ол 2008-2017 жылдар аралығында 10%-дан 4%-ға дейін төмендеді", – деп жазылған Дүниежүзілік банктің зерттеуінде.

Шетелдік мамандардың дерегінше, соңғы 20 жылда елімізде өнімділік көрсеткіші тұрақты түрде теріс нәтиже көрсеткен.

"Экономика секторларының арасындағы өнімділік көрсеткішінің құлдырауы Қазақстанның дамуына кедергі келтірді. Халықтың табысы азайып, әлеуметтік жағдайы нашарлады, ауылшаруашылығы тығырыққа тірелді", – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекші экономисі Хулио Ревилла.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жан басына шаққандағы өнімділік көрсеткіші көбеймесе, жағдай жақсармайды.

Бұл туралы Дүниежүзілік банктің зерттеуінде: "Қазақстанға экономиканы диверсификациялау, жеке секторға қолдау көрсету және инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру қажет. Қазіргі көрсеткіштермен 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу қиын болады", – деп нақтыланған.

Естеріңізде болса, таяуда Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша Doing Business рейтингінде 28 орынға тұрақтады, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында көш бастады. Дүниежүзілік банк бұл рейтингті жыл сайын түзеді. Іс барысында аталмыш қаржы институты әр елдің бизнес жүргізу үшін жасап отырған жағдайын тексереді.

"Қазақстан бизнес жүргізуге қажетті дүниенің барлығын қамтығанымен, сіздердің экономикалық көрсеткіштеріңіздің нәтижесі тұрғындарыңыздың тауып отырған табысымен сәйкес келмейді", – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекші экономисі.

Оның сөзінше, экономика дамыған сайын жаңа компаниялар пайда болады. Қазақстан бұл көрсеткішпен мақтана алмайды.

"Қазақстан ДСҰ-ға қабылданғанымен оның әлеуеті мен мүмкіндігін өз пайдасына асыра алмады. Сіздер әлі күнге дейін экспорттық себетті диверсификациялай алмай отырсыздар. Кәсіпорындар мен компаниялар үкімет қабылдайтын шаралардан тыс, тәуелсіз жұмыс істеуі тиіс. Қолданысқа заманауи технологиялар енгізу қажет. Ең бастысы әрі маңыздысы Қазақстанға икемді саясатқа бет бұру қажет", – деді Хулио Ревилла.

Дүниежүзілік банктің байламынша, Қазақстан бизнес субъектілерінің барлығына бірдей тең мүмкіндік бермейді. Үкімет ірі компанияларды қамқорлығына алуды әдетке айналдырған.

Қаржы институтының зерттеу қорытындысында Қазақстанда белең алған сыбайлас жемқорлық жеке бизнестің аяғына тұсау салып тұрғаны, мәселені шешу үшін үкімет мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгеріс енгізіп, кедендік һәм әкімшілік кедергілерді жоюяға күш жұмсауға тиіс екені бүкпесіз баяндалған. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу