2024 жылы жаһандық экономиканың өсу қарқыны бәсеңдейді. Мұндай көрсеткіш үшінші жыл қатарынан тіркеліп отыр. Бұл көптеген дамушы елдерде кедейлік деңгейінің артуына әкеледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дүниежүзілік банктің "Әлемдік экономиканың болашағы" атты соңғы баяндамасында жаһандық ЖІӨ биыл 2,4%-ға өсуі мүмкін деп болжады. Салыстыру үшін, 2023 жылы бұл көрсеткіш – 2,6%, 2022 жылы – 3,0%, 2021 пандемия аяқталғаннан кейінгі серпіліс жылы 6,2% болды.
"2020-2024 жылдары экономикалық өсуді 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы, 1990 жылдардың аяғындағы азиялық қаржы дағдарысына және 2000 жылдардың басындағы құлдыраудан да төмен деп бағалауға болады", – деп хабарлады Дүниежүзілік банк бас экономистінің орынбасары Айхан Косе.
Сарапшының айтуынша, егер 2020 жылғы пандемия кезіндегі құлдырауды ескермейтін болсақ, биылғы өсім 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі ең төмен көрсеткіш болар еді.
"2025 жылы әлемдік экономиканың өсуі сәл жоғары, 2,7% деңгейінде қалыптасады. Бірақ бұл көрсеткіш дамыған экономикалардағы өсу қарқынының баяулауына байланысты маусым айындағы болжам – 3,0%-ға қарағанда аз", – деді әлемдік қаржы ұйымы өкілі.
Дүниежүзілік банктің 2030 жылға қарай кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты жоспары қазір қолжетімсіз екенін мәлімдеді. Өйткені экономикалық белсенділік геосаяси қақтығыстармен шектеліп отыр.
Қаржы ұйымының бас экономисті Индермит Гилл бұл 2020 жылдардағы дағдарыстың салдары екеннін атап өтті.
"Алдағы уақытта әлем елдерінің экономикалық өсу қарқыны әлсіз болып қалады, нәтижесінде көптеген дамушы елдер, әсіресе, ең кедей мемлекеттер қарыз қамытынан шыға алмай, әрбір үшінші адам үшін азық-түлікке қол жетімділік шектеледі", – деп қосты Индермит Гилл.
АҚШ пен Еуроаймақ бойынша болжам төмендеді
АҚШ экономикасына байланысты болжам бұлыңғыр.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, АҚШ экономикасы 2023 жылы 2,5%-ға өсті, бұл маусымдағы көрсеткіштен 1,4 пайыздық тармаққа жоғары. Ал биылғы жылы өсу 1,6%-ға дейін баяулайды деп күтіледі, өйткені шектеулі ақша-несие саясаты жағдайында жинақтар азайып, белсенділік тежеледі.
Еуроаймақтағы жағдай да тұрақты емес. Биыл өсім 0,7%-ды құрайды деген есеп бар. Мұндай болжам энергия көздері бағасының қымбаттауына байланысты жасалып отыр. Несие шарттарының қатаңдауы аймақтың 2024 жылға арналған болжамын банктің маусым айындағы болжамынан 0,6 пайыздық тармаққа төмендетті.
Қытай да жаһандық дамуға қысым жасап отыр
Өйткені 2024 жылы "Аспан асты елінің" экономикалық өсімі 4,5%-ға дейін баяулайды. Бұл 2020 және 2022 жылдардағы пандемиядан зардап шеккен жылдарды қоспағанда, онжылдықтағы ең баяу өсім.
Көрсеткіш маусым айынан бастап 0,1 пайыздық тармаққа қысқарды. Бұл жалғасып жатқан жылжымайтын мүлік дағдарысы жағдайында тұтынушылық шығындардың әлсіреуін көрсетеді. Елдегі экономикалық өсу 2025 жылы 4,3 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
"Жалпы алғанда, Қытайдағы халықтың қартаюы салдарынан экономикадағы әлеуетті өсудің баялауын, инвестицияны шектейтін қарыздың өсуін және қандай да бір жолмен өнімділікті ұстап тұруға мүмкіндіктің азаюын көрсетеді", – деді Косе.
Кедейлер көбейе түседі
Жалпы дамушы экономикалар биылғы жылы 3,9%-ға өседі деп болжануда. Бұл 2023 жылғы 4,0%-дан және 2010 жылдардағы орташа көрсеткіштен бір пайыздық тармаққа төмен.
Бұл қарқын дамушы елдердің кедейліктен шығару үшін жеткіліксіз. Дүниежүзілік банк 2024 жылдың соңына қарай дамушы елдердің төрттен бірінде және табысы төмен елдердің 40%-ында адамдар 2019 жылмен салыстырғанда кедей бола түседі, деп мәлімдеді.
Инвестицияларды арттыру
Дүниежүзілік банк дамып келе жатқан және дамушы елдерде экономикалық өсуді арттырудың бір жолы – таза энергияға көшу және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қажет жыл сайынғы 2,4 триллион доллар инвестицияны жеделдету екенін айтты.
Банк жылына кемінде 4% инвестициялаудың жылдам және тұрақты үдеуін зерттеп, оның жан басына шаққандағы кірістің, өнім мен қызметтердің өсуін ынталандыратынын және елдердің қаржылық жағдайын жақсартатынын анықтады.
"Бірақ мұндай жеделдетуге қол жеткізу, әдетте, жан-жақты реформаларды, оның ішінде трансшекаралық сауда мен қаржылық ағындарды кеңейту үшін құрылымдық реформаларды, сондай-ақ фискалдық және ақша-несие саясатының негіздерін жақсартуды талап етеді", – деп қосты банк өкілі.
Қазақстанға қатысты болжам жағымды
Дүниежүзілік банк алдағы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,3% деңгейінде болады деп болжады.
"2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,5% деңгейінде өседі", – деп жазылған ұйымның Global Economic Prospects баяндамасында.
Былтырғы жылдың маусымында әлемдік ұйым 2024 жылы бұл көрсеткіш 4% және 2025 жылы 3,6% деңгейінде қалыптасады деп болжаған еді.