Дүниежүзінде кең ауқымды эпидемия басталды

2838

Көрші Қырғызстанда бұл аурудан өткен екі айда 8 бала қайтыс болды. 

Дүниежүзінде кең ауқымды эпидемия басталды Фото: РБК

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) дабыл қағуда: қызылша (корь) дертінен өлгендер саны өткен жылы 40%-ға өсіп кетті. Мамандар бұған адамдардың вакцина атаулыдан бас тартуы ықпал еткенін айтады.

Ал, биыл бірқатар елде нағыз эпидемия өршуде. Reuters хабарлауынша, Америка Құрама Штаттарында 2025 жыл басталғалы қызылшамен ауырудың 294 дерегі тіркелді. Сырқаттардың басым көпшілігі – балалар.

Қызылшаның ушығуы америкалық Техас, Нью-Мексико және Оклахома штаттарында тіркелді. Оларда антиваксерлер қозғалысының үстем болуы кесірінен тұрғындардың үлкен бір бөлігі екпе салдыруға қарсы шықты. Мұның соңы індеттің белең алуына соқтырды.

Жергілікті билік коронавирус пандемиясы кезіндегі тәжірибеге оралып, көшелерде тестілеудің қосымша пункттерін ашып жатыр.

Дәл осы кезде, 2025 жылғы ақпанда Америкада соңғы 10 жылда алғаш рет қызылшадан адамның өлуі тіркелді. Техас штатында вакцина салынбаған 15 жасар жасөспірім дерттің құрбанына айналды.

"Қызылша – қоздырғышы ауа-тамшы жолы арқылы берілетін, қызбамен, интоксикациямен, дақты-папулалық бөртпенің кезеңді пайда болуымен, энантемамен, конъюнктиваның және жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдалуымен сипатталатын антропоноздық жіті жоғары контагиоздық респираторлық вирустық инфекция", – деген түсініктеме береді Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі.

Қызылша – төтенше жұқпалы және жоғары инфекциялық ауру. ДДҰ талабынша, қызылша эпидемиясына төтеп беру үшін қоғамда 95 пайыздық иммунитеттің болуы шарт. Бұл тіпті коронавирустан жоғары.

Басқаша айтқанда, иммунизациялаудан өтпесе, әрбір 10 адамның шамамен 9-ы қызылша жұқтыруы мүмкін.

2016 жылы тәуелсіз сарапшылар Америка континентін эндемикалық қызылшадан азат өңір деп жариялады. Алайда 2018 жылы мәртебесін жойды: Бразилия мен Венесуэлада қызылша індеті бас көтерді.

Сондай-ақ, пандемия тұсында АҚШ-та антиваксерлер қозғалысы күшейді. Салдарынан, біраз штатында қызылшаға қарсы екпе салдырған оқушылардың үлесі 80%-дан төмен түсіп кеткен. Дұрысы, ДДҰ талабына сәйкес, 95%-дан астамы вакцинациялануы шарт.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде бір жыл ішінде қызылшамен шамамен 10,3 миллионнан астам адам ауырған. Оның ішінде 107 500 адам өлді. Олардың көбі – 5 жасқа толмаған бөбектер немесе вакцинацияланбағандар.

"Эксперттер COVID-19 пандемиясынан кейін жер-жаһанда қызылшаға қарсы вакцинацияланғандардың саны күрт кемігеніне нұсқайды. АҚШ штаттарының көпшілігінде бүгінде жас балаларды вакцинациялау межесі 95 пайыздан азайып кетті. Яғни, қызылша эпидемиясынан қорғану үшін қажет қамалды адамдар өз қолымен күйретті. Өткен жылы АҚШ-та қызылшамен ауыру саны 2023 жылға қарағанда екі есеге артқан", – деп хабарлады Euronews.

"Енді абсолютті түрде Американың барлық жерінде қызылша жұқтыру қаупі бар", – деген жан түршігерлік байлам жарияланған АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) сайтында.

Қызылша дерті Африкада, Таяу Шығыста, Азияның бірқатар елдерінде де кең таралуда. Бұған олардағы халықтың табысының төмендігі, медицинаның қолжетімсіздігі, вакцинациялаудың жеткілікті жүргізілмеуі себепкер екен.

"Қызылша эпидемиясы бұрыннан бақыланбаған және бұл тұрғыда сауатты саналған елдерге вирусты негізінен саяхаттаушылар апарады. 2023 жылы індеттің ушығуы Ресейде, Үндістанда, Индонезияда, Йеменде, Иракта, жалпы саны 57 мемлекетте орын алды. Аурулардың ең көп саны Конго Демократиялық Республикасында тіркелді: 311 500 адам", – деп мәлім етті AP агенттігі.

Сондай-ақ, ДДҰ дерегінше, соңғы жылдары Еуропада да қызылша жұқтыру оқиғаларының "елеулі өсімі" тіркелуде.

2024 жылдың бірінші тоқсанында (ДДҰ тек былтырғы үш айдың ақпаратын келтірді) Еуропалық Одақта 57 мыңнан астам адам аталған дертке шалдықты. Оның төртеуі мерт болды.

2024 жылы Ұлыбританияда қызылшамен сырқаттанудың 2 911 дерегі тіркелді, бұл соңғы 12 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш саналады.

"Тіпті бір ғана адамның қызылша жұқтыруы Үкіметті шұғыл әрекеттерге итермелеуге тиіс!", – деді ДДҰ-ның Еуропадағы директоры Ханс Клюге.

Ұйым дерегінше, соңғы жылдары балаларды вакцинациялаудың бүкіләлемдік көрсеткіші 2019 жылғы 86 пайыздан 2023 жылы 83 пайызға дейін төмендеді.

ДДҰ бағалауынша, екпе салғызу 2000–2023 жылдары жер-жаһанда 60 миллионнан астам адамды ажалдан арашалап қалуға көмектесті.

1963 жылы вакцина табылғанға дейін ірі эпидемиялар жыл сайын шамамен 2,6 миллион адамды қырып салатын.

Бұл індет Қазақстанның дәл іргесінде өршіп барады. Жыл басынан бері Қырғызстанда 8 бала қызылша кесірінен қыршынынан қиылды. Сондықтан Алатаудың ар жағындағы ел бұл ауруға қарсы вакцинациялауды "ұлттық қауіпсіздік мәселесі" деп жариялады.

Айта кету керек, бұл көршіде де пандемиядан бері антиваксерлер күш алды. Сондықтан Республикалық иммундық профилактика орталығының (РИПО) директоры Гүлбара Ишенапысова ақпарат құралдарын жағалап, халыққа қайрылып, қызылшаға және вакцинамен басқарылатын басқа да инфекцияларға қарсы екпе салғызудан бас тартпауға шақыруда.

Қырғыз дәрігерлерінің мазасы қашты. Өйткені қызылша қорғалмаған, қорғансыз топты тапты, бұл – бір жасқа толмаған сәбилер.

РИПО мәліметінше, қайтыс болған сегіз баланың алтауы жасына байланысты вакцинацияланбаған. Қызылшаға қарсы екпе балаларға бір жасқа және 2 жасқа жеткенде ғана салынады.

"Өлім-жітім оқиғасы тіркелгенде, біз Үкімет деңгейінде кеңес шақырамыз. Оған мүдделі барлық тараптар қатыстырылады. Қызылшадан өлу дерегі тіркелген аумақтар және вакцинациямен қамту деңгейі 95%-ға жетпейтін өңірлер "қолайсыз аймақ" деп жарияланады. Біз бұл территориялар бойынша кезек күттірмес іс-шаралар жоспарын әзірледік", – деді Ишенапысова.

Ол қазіргі кезде мемлекет қызылша індетінің өршуін жоюға барлық күшті жұмылдырып жатқанына сендірді. Алайда халық баласына екпе салдырудан ары қарай қашатын болса, бұл шаралардан толыққанды нәтиже шықпайтыны анық.

"Халқымыз ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға көмектесуге тиісті. Ойласуға және күмәндануға енді уақыт қалмады! Бұған сіздің моральдық құқығыңыз жоқ! "Менің балам, оған не керектігін мен ғана білемін!" деген өзімшілдікті қою керек. Сіздің балаңыз – Қырғызстанның баласы!" – деп эмоционалды үндеу жасады иммунизацияға жауапты басты республикалық орталықтың басшысы Ишенапысова.

Ол вакцинациядан бас тарту мен эпидемияның арасындағы байланысты атады. Мысалға, 2012 жылы қырғыздар екпе салғызудан бас тартумен елікті. Салдарынан, 2014-2015 жылдары қызылша белең алды. Сол кезде індетті екі ай ішінде тоқтату мүмкін болған.

Одан кейін босаңсыған жұртшылық антиваксерлердің "ескі әніне" қайта басты. Вакцинацияланбағандар саны көбейді. Індет қайта бой көтеруде.

Енді бас тарту қайталана берсе, РИПО директорының болжамынша, дерттің ушығуы 2028-2029 жылдары қайталануы әбден мүмкін.

Айтпақшы, Қазақстандағы сияқты, Қырғызстанда да Парламент заңнамалық өзгерістер қабылдап, балалардың денсаулығы үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттырды. Оның аясында ата-аналардың вакцинациялаудан негізсіз бас тартуын жергілікті балалар құқығы жөніндегі комиссиялар қарайды.

Қазақстандағы сияқты көршіде де вакцинацияланбаған бала балабақшаға, мектепке, секциялар мен үйірмелерге, басқа да ұйымдарға жіберілмеуі мүмкін.

Өйткені инфекционистердің айтуынша, қазіргі вирустар өте агрессивті болып барады. Қызылша бой бермеген соң, Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Еркін Чечейбаев та халыққа қайрылып, ата-аналарды балаларына екпе салғызуға шақырды.

"Вакцинация қауіпсіз және бүкіл әлемде тиімділігін көрсетті. Соның арқасында балалардың денсаулығын сақтай аламыз және оларға бақытты адам болып өсуіне мүмкіндік береміз", – деп сендірді Денсаулық сақтау министрі.

Ал, жеке жиын жиған Президент әкімшілігі Бішкек, Ош, Шу сияқты өңірлерде вирус жұқтырудың өсу тенденциясы алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Үкіметке ошақтарды оқшаулауға бағытталған шұғыл шаралардың кешенді жоспарын әзірлеу, ахуалға мониторингті күшейту, вакцинаның жеткілікті қорын қалыптастыру жүктелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу