Дұшпан Зеленскийдің көзін жоюы мүмкін бе?

2011

Мемлекеттің басшылық тізгінін қолына алған тұлғаның тағдыры әрдайым күрделі. Ал дұшпан баса-көктей кірген елдің басшысының жағдайы тіпті ауыр болса керек. Осы орайда Киев Президент В.Зеленскийге қастандық ұйымдастырылғанын мәлімдеді. 

Дұшпан Зеленскийдің көзін жоюы мүмкін бе?

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Алексей Даниловтың айтуынша, "Шешенстан басшысы РФ Президенті В.Путинге Владимир Зеленскийдің көзін жоюға уәде берген".

"Біздің барлаушыларымыз бұл процестерді қадағалап отырды. Владимир Зеленскийді өлтіру үшін содырлардың 3 арнайы тобы аттанды, олар 26 ақпанда Украина жеріне кірген. Оның ішінде бір тобы бүгінде Донецк облысында, екіншісі – Мариупольде тұр. Бірақ олар майданнның алғы шебінде емес. Олар қазір үшінші-төртінші, яғни артқы эшелондарда, толық қауіпсіздікте", – деді А.Данилов жергілікті НВ радиосына сұхбатында.

Ал бір тобы талқандалған, екі адамы ғана қашып құтылыпты.

Мәскеу тарапы бұл мәлімдемеге түсінік беріп жатпады. Оның үстіне Украина жағы құпияға теліп, нақты дәлел-дәйектеме ұсынбады.

УР Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктың айтуынша, Зеленскийдің өміріне оннан астам рет қастандық жасау талабы болған.

"Біздің шетелдік әріптестеріміз соғыс басталғалы оны өлтірудің екі-үш талабы болғанын айтады, бірақ оның саны одан көп. Мұны біздің қолымыздағы жедел ақпарат куәландырады. Осы жылдар бойы жолға қойылған біздің барлау және қарсы барлау органдарының қуатты желісі барлығын қадағалауда. Қастандық жасау талаптары ақырғы кезеңіне жетпей тұрып залалсыздандырылады", – дейді М.Подоляк. Оның бұл сұхбатын ресейлік ақпарат құралдары таратты. 

Украина Қорғаныс министрінің кеңесшісі Маркиан Лубкивский CNN-ге сұхбатында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының содырлары В.Зеленскийді және Премьер-Министр Денис Шмыгальді жоюды жоспарлағанын хабарлады: "вагнерліктердің" бірнешеуі барлаушылар көмегімен анықталып, ел ішінде жойылыпты. Қалғандары Украина бақылауынан тыс өңірлерде жүр. Лубкивскийдің мәліметінше, Украина барлық дәйектемелерді Халықаралық сотқа табыстаған. 

Қарсыластың бірінші кезекте Украина Президентін тірілей не өлідей қолға түсіруді мақсат ететінін соғыс қарсаңында Батыстың барлау органдары да хабарлаған болатын. Солардың ақпаратына жүгіне отырып, АҚШ-тың Ақ үйі, содан кейін, соғыс барысында Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон, Франция басшылығы Зеленскийге саяси пана ұсынды, алып кетуге ұшақ жібермек болды. Украина лидері оның бәрінен бас тартып, Киевте қалды.

"Зеленскийді өлтіру міндеті жүктелген 400-ден астам жалдамалының Киевте әрекет ететінін" биылғы ақпан айының соңында The Times жариялаған болатын.

"Терроршыларға салмақты қаржылай бонус уәде етілген. "Вагнер" тобының осы мүшелерінің алдына Зеленскийді, Министрлер кабинетінің мүшелерін өлтіріп, Киевті Мәскеудің бақылауына көшіруге дайындау міндеті қойылған", – деп жазды британдық басылым.

Әлемдегі аса танымал, беделді Таймс газетінің ақпараты бойынша арнайы миссиясы бар "вагнерліктердің" ел астанасына кіргені туралы алғашқы ақпарат ел басшылығының үстеліне қойылысымен, бірер сағат ішінде Киев коменданттық сағатты енгізіп, қаланы ресейлік диверсанттардан тазалауға көшті. Киевтің мэрі Виталий Кличко бейбіт тұрғындарға коменданттық сағаттан соң сыртқа шықпау керектігін, әйтпесе, көшеде кездессе, диверсант ретінде атып тасталуы мүмкін екенін ескертті.

Дегенмен ақпарат құралдарының хабарлауынша, Киевтегі жағдай бүгінде біраз қалыпқа келді, бұрынғыдан әлдеқайда қауіпсіз. Ел астанасына өзге елдерден биік мәртебелі меймандар, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері сапарлап қайтты. Мысалы, соғыс басталғалы алғаш рет, кеше Киевке АҚШ-тың Сыртқы істер министрі Энтони Блинкен мен Қорғаныс министрі Ллойд Остин бастаған америкалық лауазымды тұлғалардың делегациясы келді.

УР Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович журналистерге сұхбатында Президент жүретін жолдарға әдейі тартылған жарылғышы бар сымдарды әлі күнге тауып жатқандарын хабарлады. Ол Зеленскийдің өлтірілу қаупі әсіресе, қарсылас басып кірген алғашқы апталарда өте жоғары болғанын жеткізді.

"Мұны бұрын ешкімге айтпағанмын. Соғыстың алғашқы күндерінде Киев түбінде, тіпті қаланың "Победа" даңғылы бойында шайқастар басталды. Ол жерден орталыққа 10 минутта жетіп келуге болады. Біздің бәрімізге қару-жарақ таратылды. Шабуылды тойтаруға әзірміз. Президент кеңсесі жанында диверсанттармен дүркін-дүркін атыс болып тұрады. Эвакуациялануға да дайын болыңдар делінді. Сонда: "егер орталық билік құласа, қаланы қорғауға бағытталған көшелердегі шайқас немен тынады, күрестің перспективасы қандай?" деген ой мазалады. Ал телефоныма әскерилерден хабарламалар тоқтаусыз түседі: 200, 120, 400 танк, бронды техникадан тұратын колонналар келе жатыр дейді. Оның бәрі Киевке бағыт алған. Барлық тесіктен саулаған тарақан сияқты", – деп еске алды ол.

Мұндай күшпен алысуға әлі жетпей қалуы ықтимал еді. Бірақ қаланы қорғаушылар лайықты тойтарыс бере алды.

"Жауынгерлеріміз жаудың 300 ауыр техникасын жояды. Барлаушылар тағы 1200-і келе жатқанын ескертеді. Бұлар қашан бітеді деп ойлаймын. Осындай жағдай екі апта бойы созылды, содан кейін бірте-бірте тойтарылды, түре қуылды. Екінің бірі біле бермейді: қазір де Үкіметтік орамда миналанған машиналар, әдейі тартылған жарылғышы бар сымдар қайта-қайта табылуда. Қалада арам ниетін іске асырғысы келетін қарау пиғылды адамдар әлі де болса әрекет ететіні аңғарылады. Күн сайын осылай. Көпшілік бүгінде Киев – қауіпсіз қала, ал Президент отырған жер – ең қауіпсіз жер деп ойлайды. Шынында, мүлдем олай емес. Президентті қорғайтын мемлекеттік күзет қызметінің еңбегі туралы кейін тұтас томдар жазуға болады. Әзірге қарсылас осы бағыттағы күш-жігерін, тірліктерін тоқтатқан жоқ", – деді Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі.

Жалпы сарапшылар кез келген мемлекеттің лидерін қорғау –стратегиялық маңызды іс екеніне назар аудартады. Ендеше осыған жауапты элиталы құрылымдардың мойнында шын мәнінде мемлекеттік маңызды міндет жүктелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу