Джиро д’Италия. 12-кезең. Фульсанг жалпы есепте алғашқы ондыққа қайта оралды

1167

"Джиро д’Италия" 204 шақырымға созылған 12-кезеңі атақты италиялық велошабандоз Марко Пантанидің отаны – Чезенатикода өтті. Кезең біршама асулармен және суық әрі жаңбырлы ауа-райымен ерекшеленді.

Джиро д’Италия. 12-кезең. Фульсанг жалпы есепте алғашқы ондыққа қайта оралды

Мануэле Боаро жарыс жолының алғашқы бөлігінде құрылған топ арасында болды. "Астана Про Тим" шабандозы алдыңғы шепте өте белсенді өнер көрсетті. Бірақ көшбасшы топтан екі шабандоз – Джонатан Нарваес пен Марк Падун шабуылға шыққанда, Боаро Якоб Фульсангқа көмектесу үшін негізгі топқа қайта оралды.

"Өзімді жақсы сезіндім. Шабандоздардың біразы шабуылға шыққанда алдыңғы қатарда болатынмын. Мен де сол шабандоздарға қосылдым. Жаңбыр мен суық ауа райына байланысты финал қиынға соқты. Якобтың тобы бізден екі-үш минуттай артта қалғанда мен оларды жолда күтіп, қажет болса соңғы шақырымдарда капитанымызға көмектесуді жөн санадым. Ертең бізді тағы бір спринтерлік күн күтіп тұр. Қалай өтетінін көре жатармыз. Бүгін өте ауыр күн болды. Бірақ ең бастысы Якобты қорғап қалдық және ол мәреге алдыңғы қатарда жарыстың басқа фавориттерімен бірге келді. Одан бөлек, Фульсанг жалпы есепте 10-орынға көтерілді", – деді Мануэле Боаро.

Нарваес 12-кезең жеңімпазы атанса, Падун мәреге 2-ші болып келді. Ал Саймон Кларк 3-орынға ие болды. Боаро 19-нәтиже, Фульсанг 20-нәтиже көрсетті. Кезең қорытындысы бойынша Якоб Фульсанг "Джиро д’Италияның" бас классификациясында 10-орынға көтерілді.

Ертең италиялық суперкөпкүндіктің 13-кезеңі өтеді. Червии – Монселиче жарыс бағыты бойынша өтетін кезеңнің ұзақтығы 192 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу