Джиро д’Италия. 14-кезең. Фульсанг жалпы есепте 12-орынға түсіп қалды

1095

Таулы аймақта өткен жекелей жарыста "Астана Про Тим" капитаны Якоб Фульсанг италиялық суперкүндіктің жалпы есебі бойынша уақыт жоғалтып, бірнеше сатыға төмен түсті.

Джиро д’Италия. 14-кезең. Фульсанг жалпы есепте 12-орынға түсіп қалды

"Джиро д’Италияның" 14-кезеңі мәресіне жетті. Конельяно мен Вальдоббьядене аралығында өткен жекелей сайыс өте қиынға соқты. Жарыс жолында бірнеше асу кездесті. Солардың бірі тік орналасқан Муро ди ка’дель Поджио асуы болатын.

"Астана Про Тим" командасының  капитаны Якоб Фульсанг бүгінгі кезеңде 29-нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 12-орынға түсіп қалды.

"Кезеңді жақсы бастадым және бірден өзіме ыңғайлы жылдамдықпен жүрдім. Жарыс жолының алғашқы бөлігі мен үшін ойдағыдай өтті. Муро асуына жақсы қарқынмен көтерілдім.  Бірақ финалда қажетті ырғақты сақтау мүмкін болмады. Ертең бізді өте маңызды және қиын таулы кезең күтіп тұр. Біз соған дайындалуымыз керек", – деді Якоб Фульсанг.

Жарыс жолын 42 минут 40 секунд уақытта жүріп өткен италиялық Филиппо Ганна кезеңде жеңіске жетті. Ал португалиялық Жоау Алмейда жалпы есепте көшбасшылықты сақтап қалды.

Бүгін "Джироның" 15-кезеңі өтеді. Басе Аэреа Риволто – Пьянкавалло бағыты бойынша өтетін кезеңнің ұзақтығы 185 шақырымды құрайды. Соңғы тауды қоса (14.3 шақырым, 7.9%) есептегенде жарыс жолында төрт асу бар.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу