Джиро д’Италия. 15-кезең. Пьянкавалло шыңында Якоб Фульсанг 9-нәтиже көрсетті

1124

Италиялық Гранд-турдың Пьянкавалло шыңында аяқталған, ұзақтығы 14 шақырым болатын қиын таулы кезеңі өтті. "Астана Про Тим" командасының капитаны Якоб Фульсанг жалпы есепте 9-орынға ие болып, 12-орынды сақтап қалды.

Джиро д’Италия. 15-кезең. Пьянкавалло шыңында Якоб Фульсанг 9-нәтиже көрсетті

"Астаның" тағы бір шабандозы Мануэле Боаро сайыстың көп бөлігін көшбасшы топта өткізді. Боароның тобын қуып жеткен соң Фабио Феллине алдыңғы қатарға шықты. Ол Якоб Фульсангқа көмектесіп, көшбасшыларды қуып жетуге тырысты.

"Таулы аймақта өткен өте ауыр күн болды. Фабио Феллине бүгін керемет жұмыс атқарып, соңғы кезеңнің финалдық бөлігіне  дейін менімен бірге болды. Көмек көрсеткені үшін Фабиоға көп рахмет! Сонымен бірге бүкіл командаға үлкен алғыс айтамын. Соңғы асуда мен жалпы есептің фавориттер тобына қосылып, мүмкіндігінше солармен бірге болуға тырыстым. Асуға өрлеу өте қиынға соқты. Күн өте суық болды. Мен өзіме ыңғайлы жылдамдықпен жүріп отырып, үздік ондық қатарынан табылдым. Бірақ жалпы есепте алға шыға алмадым. Енді демалыс күні қайта бабыма келемін деп үміттенемін", - деді Якоб Фульсанг.

"Джиро д'Италияның" он бесінші кезеңі Риволтодағы әуе күштері базасы мен қиындығы бірінші санаттағы Пьянкавалло шыңын байланыстырды. Пелотонға Пянкаваллоға көтерілуден бұрын ұзақтығы 185 шақырымдық жарыс жолы мен екінші санаттағы үш шыңды жүріп өту керек болатын.

Көшбасшы топ жарыстың алғашқы шақырымдарында құрылды және олардың арасында "Астана Про Тим" өкілі Мануэле Боаро да бар болатын. Алға озған он екі шабандоз көшбасшы топтан 3 минуттан астам уақыт басымдылыққа ие болды. Дегенмен алғашқы асуда көшбасшы топ бірнеше топқа бөлініп кетті. Бірақ соңғы таудың алдында жалпы турнирдің фавориттері алға озған шабандоздардың барлығын қуып жетті.

Пьянкаваллоның шешуші бөлігіне жеткенде фавориттер тобынан бірнеше шабуылдар орын алды. Нәтижесінде Вилко Келдерман, Геоган Харт пен Джей Хиндли үздік үштік тобын құрды. Кезеңдегі жеңіс үшін таласқан үш шабандоз арасынан Харт жеңіске жетті. Қызғылт жейде иегері Жоао Альмейду кезең жеңімпазынан 37 секундтан кейін мәреге жетті. Көшбасшылардан кейінгі топта болған Якоб Фульсанг мәреге жеңімпаздан бір минуттан кейін жетіп, 9-орын иеленді.

Алмейда "Джироның" жалпы есебінде көшбасшылықты одан әрі жалғастыруда. Ал көшбасшыға 5 минут 7 секунд уақыт ұтылған Якоб Фульсанг 12-орында тұр.

Бүгін италиялық суперкөпкүндіктің екінші әрі соңғы демалыс күні өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу