Джиро д’Италия. 17-кезең. Мадонна ди Кампильо шыңында Оскар Родригес 8-нәтиже көрсетті

978

Атақты Мадонна ди Кампильо шыңында мәресіне жеткен "Джиро д’Италияның" 17-кезеңінде "Астана Про Тим" шабандозы Оскар Родригес 8-орынға ие болды. Родригес 203 шақырымға созылған жарыс жолының алғашқы бөлігінде құрылған көшбасшы топ арасында болды. Алға озған топ негізгі топтан айтарлықтай басымдылыққа ие болып, нәтижесінде олар кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсті.

Джиро д’Италия. 17-кезең. Мадонна ди Кампильо шыңында Оскар Родригес 8-нәтиже көрсетті

Финалдық асуға жақындағанда көшбасшы топ бірнеше топқа бөлініп кетті. Бірақ, Оскар Родригес көшбасшылардың соңынан ілесіп, ақырында сол топқа барып қосылды. Жарыс жолының финалдық шақырымдарында алға озған топтан аустралиялық шабандоз Бен О’Коннор шабуылға шығып, кезең жеңімпазы атанды. Оскар Родригес мәреге жеңімпаздан 3 минут 29 секундтан соң келіп, 8-орынға ие болды.

"Ұзақ күн болды. Бірақ өзімді өте жақсы сезіндім. Шабуылдар басталғаннан кейін мен де шабандоздардың соңынан ілестім. Біз үлкен бір топ құрдық. Бірақ жұмысты ұйымдастыра алмадық. Соңғы асуда шабуылдар басталды. Мен шабуылға шыққан велесебедшілерге барынша жақын болып, байланысты үзбеуге тырыстым. Мәреге жақындағанда топқа қайта оралдым. Алайда соңғы шабуылға ілесе алмадым және өзімнің де жекелей шабуылға шығуға күшім жетпеді. Соған қарамастан осындай қиын әрі ұзақ кезеңді үздік 10-дық қатарында аяқтағаныма қуаныштымын", деді Оскар Родригес.

Якоб Фульсанг қызғылт жейде иегері бар топпен бірге, кезең жеңімпазынан 5 минут 11 секундтан кейін мәреге келді. Кезең қорытындысы бойынша жалпы есепте ешқандай өзгерістер орын алмады. Жоау Алмейда бұрынғысынша қызғылт жейдені сақтап қалса, Якоб Фульсанг 12-орында тұр.

Бүгін "Джиро д’Италияның" 18-кезеңі өтеді. Пинзоло - Лаги ди Канкано жарыс бағыты бойынша өтетін кезеңнің ұзақтығы 207 шақырымды құрайды.

 Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу