Джиро д’Италия. 9-кезең. Фульсанг жалпы есепте 6-орынға көтерілді

1250

"Джиро д'Италияның" алғашқы демалыс күніне дейінгі (9-шы) кезеңі өте қиын және қарқынды өтті. Шабандоздар Сан-Сальводан қиындығы бірінші дәрежелі Роккаразодағы шыңға дейін ұзақтықтығы 208 шақырым, жалпы биіктігі 4500 метрге дейін көтерілді. Жарыстың екінші жартысы суық жаңбыр астында өтті. Бұл кезеңді тек қиындатып жіберді. 

Джиро д’Италия. 9-кезең. Фульсанг жалпы есепте 6-орынға көтерілді

Қиындықтарға қарамастан "Астана Про Тим" үшін бүгінгі италиялық суперкөпкүндік сәтті өтті. Команда капитаны Якоб Фульсанг соңғы шақырымда шабуылдап, бас классификацияда негізгі қарсыластарының көпшілігінен бірнеше секунд уақыт ұтып, жарысты 9-шы болып аяқтады. Кезең нәтижесі бойынша Фульсанг "Джироның" жалпы есебі бойынша 6-орынға көтерілді.

"Ұзақ күн болды және кезең өте жылдам басталып, кейіннен пелотондағы жылдамдық аздап бәсеңдеді. Финишке екі асу қалғанда Deceuninck командасы жарысты бақылауға алуға, ал Trek  командасы басқа фавориттерге қысым көрсетуге тырысты. Бірақ командаластарым мені күні бойы өте жақсы қорғады. Бірде-бір шабуылды жіберіп алмауымыз үшін жігіттер үнемі қасымда болды. Шешуші асуға жеткенде жауапкершілік менде болды. Бірақ Фабио Феллине ұзақ уақыт қасымда болып, өте көп жұмыс атқарды. Бүгін жылы киіну өте маңызды болды. Соңғы 3 шақырым шешуші рөл атқарды. Бірақ финалда өте күшті жел болды. Сондықтан шабуылдауға мүмкіндік болмады. Мен тек соңғы жүз метрде бағымды сынап көрдім. Финалда барымды салып, біраз уақыт ұттым. Нәтижесінде жарыс күнін жақсы өткіздім және өз нәтижеме көңілім толады. Жалпы есепте уақыт жеңіп, осындай кезеңнен кейін алғашқы демалыс күніне кету керемет деп ойлаймын. Шыңға көтерілу кезінде өзім болғым келетін деңгейде екенімді көрсете алдым. Тамаша сезімдемін. Жақын күндері біз күн шуағын көбірек көретін боламыз деп сенемін", – деді Якоб Фульсанг.

Көшбасшы топ жарыстың тек 75 шақырымынан кейін ғана құрылды. Алты адам 6 минуттан аса уақыттай басымдылыққа ие болып, көшбасшылар тобын құрды. Пелотонның бар күшін салғанына қарамастан бұл топ мәреге жетіп, кезеңдегі жеңіс үшін өзара таласқа түсті: португалиялық Рубен Геррейро испаниялық Джонатан Кастровьехоны тауға бастайтын жолдағы спринтте басып озды.

Ал көшбасшы топтан кейін жалпы есептің фавориттері сынға түсті. "Астана Про Тим" командасы күні бойы Якоб Фульсангқа жұмыс жасап, оның позициясын қорғап қалуға тырысты. Фабио Феллине соңғы шақырымдарға дейін капитанмен бірге болып, өзін жақсы қырынан танытты.

Соңғы шақырымда Якоб Фульсанг шабуылға шығып, оның соңынан тек Вилко Келдерман мен Джей Хиндли ілесе алды. Ал қалған фавориттер бірнеше секундтан ондаған секундқа дейін уақыт жоғалтты.

Кезең қорытындысы бойынша Жоао Алмейда көшбасшының қызғылт жейдесін сақтап қалды. Бірақ қарсыластары оған жақындап қалды. Сонымен "Астана Про Тим" капитаны көшбасшымен салыстырғанда 1 минут 1 секунд уақыт айырмашылығымен жалпы есепте 6-орынға көтерілді. Ол осы кезеңде 18 секунд уақыт ұтты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу