Astana Qazaqstan Team командасының капитаны Винченцо Нибали Верона көшелерінде жекелей жарыспен аяқталған "Джиро д’Италия" суперкөпкүндігінің бас классификациясында төртінші орынға ие болды.
"Соңғы күн өте қиынға соқты. Веронадағы финалдық сайыста бар күшімді салуға тырыстым. Жарыс жолын алдын ала білдім және 100% барымды салдым. Мәре сызығынан бастап кезеңнің соңына дейін жақсы ырғақты табуға тырыстым. Бұл оңай болған жоқ. Мәреден кейін қатты шаршағанымды сездім. Бірақ, дәл қазір айналамдағы барлық адамдардан үлкен қолдауды сезініп, тамаша сәттерді бастан кешіріп жатырмын. Мен осында болғаныма, жарысты жақсы нәтижемен, жалпы есепте төртінші орынмен аяқтағаныма қуаныштымын. Мұндай нәтижеге көңілім толады деп айта аламын. Бұл қиын әрі әдемі "Джиро д'Италия" болды. Мен әр кезеңде бүкіл команданың және жанкүйерлердің қолдауын сезініп, жарысты күннен күнге жақсы өткізуге тырыстым. Енді біраз демалып, аздап қалпыма келетін уақыт келді. Өйткені маусым әлі аяқталған жоқ және алдағы айларда біз қол жеткізгіміз келетін бірқатар мақсаттар бар", - деді Винченцо Нибали.
21-кезеңде Team BikeExchange-Jayco командасының өкілі Маттео Собреро жеңіске жетті. Екінші орынды Тимен Аренсман (Team DSM) иеленді. Үздік үштікті Матье ван дер Пул (Альпесин-Феникс) түйіндеді. "Астана" сапынан үздік нәтиже көрсеткен Фабио Феллине жарысты 20-болып аяқтады.
Жалпы есепте Bora Hansgrohe командасының аустралиялық велошабандозы Джей Хиндли жеңіске жетті. Ол тарихта "Джироны" жеңген алғашқы аустралиялық атанды. Шабандоз күтпеген жерден 20-кезеңде Ричард Карапасты шаң қаптырып, көшбасшының қызғылт жейдесін киді. Эквадорлық шабандоз екінші, ал Микель Ланда үздік үштік қатарынан табылды.
Бас классификация:
1. Джей Хиндли (Аустралия, BORA-hansgrohe) — 86:31:14
2. Ричард Карапас (Эквадор, INEOS Grenadiers) — +1:18
3. Микель Ланда (Испания, Bahrain Victorious) — +3:24
4. Винченцо Нибали (Италия, "Астана") — +9:02
22. Джо Домбровски (АҚШ, "Астана") — +1:12:21
29. Вадим Пронский (Қазақстан, "Астана") — +2:03:10
41. Фабио Феллине (Италия, "Астана") — +2:36:40
56. Харольд Техада (Колумбия, "Астана") — +3:12:38.
Ермұхамед Мәулен