"Джиро д’Италия". Винченцо Нибали жалпы есепте 4-орынға көтерілді

856

"Джироның" 18-кезеңі Италияның Борго-Вальсугана қаласынан басталып, 156 шақырымнан кейін Тревизо қаласында аяқталды.

"Джиро д’Италия". Винченцо Нибали жалпы есепте 4-орынға көтерілді

Суперкөпкүндіктің 18-кезеңінде бірінші болып Alpecin-Fenix ​​командасының шабандозы бельгиялық Дрис Де Бондт мәреге жетті. Jumbo-Visma командасынан Эдоардо Афини екінші болып жарысты аяқтады. EF Education-EasyPost командасының өкілі Магнус Корт үздік үштік қатарына ілікті.

Астаналық шабандоз Фабио Феллине мәреге 17-ші болып келді. Бұл елордалық шабандоздар арасында осы кезеңдегі үздік нәтиже болды. Винченцо Нибали 36-шы, Вадим Пронский 87-ші, Джо Домбровски 100-ші, Харольд Техада 126-шы, Давид Де ла Круз 133-ші болып мәреге келді.

18-кезең қорытындысы бойынша жалпы есепте Ричард Карапас көшбасшылығын сақтап қалды. "Астана" велокомандасының өкілі Нибали жалпы есепте 4-орынға көтерілді. Осы орайда "Астана" велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров өз пікірін білдірді.

"Өздеріңіз білетіндей, биыл италиялық ардагер шабандозымыз спорттық мансабын аяқтайды. Ол велоспортпен қоштасу үшін біздің командамызды таңдағанына қуаныштымыз. "Астана" – оның мансабында ең тамаша нәтижелерге қол жеткізген ұжым. Винченцо соңғы "Джирода" үздік ондықтағы орынын сақтап қалу үшін барын салады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, ол нағыз кәсіпқой шабандоз екенін көрсетті. Ол жәй ғана жарыс жолына шықпай, шабуыл жасап, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысып жүргенін бәріміз көріп жүрміз", – деді Александр Винокуров.

Ал "Астананың" тағы бір көшбасшы шабандозы Мигель Анхель Лопес 4-кезеңде жарақат алып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

"Лопестің "Джиродан" кетуі команда мен жанкүйерлердің көңілін қалдырды. Өкінішке орай мұндай жағдайлар кәсіби спортта болады. Қалай болғанда да, ол мықты шабандоз және біз оның "Астанаға" қайта оралғанына қуаныштымыз. Қазір Мигель Анхель Лопес қажетті тексерулерден өтуде. Біз команданың медициналық қызметкерлерінің соңғы қорытындысын күтеміз", – деп қоса кетті Винокуров.

Жалпы есеп

1. Ричард Карапас (Эквадор, "INEOS Grenadiers") - 76:41:15
2. Джей Хиндли (Аустралия, "BORA-hansgrohe") - +0:03
3. Микель Ланда (Испания, "Bahrain-Victorious") - +1:05

4. Винченцо Нибали (Италия, "Астана") - +5:48
20. Джо Домбровски (АҚШ, "Астана") - +50:48
33. Вадим Пронский (Қазақстан, "Астана") - +1:49:43
40. Фабио Феллине (Италия, "Астана") - +2:03:18
51. Харольд Техада (Колумбия, "Астана") - +2:24:58
75. Давид Де ла Крус (Испания, "Астана") - +3:10:10. 

Бүгін, 27 мамыр Марано Лагунареде "Джиро д'Италия" велододасының он тоғызыншы кезеңі басталады. Бұл Адриат теңізінің жағалауындағы әйгілі Линьяно курортының жанында орналасқан шағын қалашық. Кезекті жарыс күні Кастельмонтеде аяқталады.

Ермұхамед Мәулен       

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу