Джиу-джитсудан тағы бір алтын алдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3879

ХVІІІ жазғы Азия ойындарында бесінші алтынға қол жеткіздік. Джиу-джитсу спортынан Руслан Исраилов чемпион атанды.

Джиу-джитсудан тағы бір алтын алдық Фото: olympic.kz

ХVІІІ жазғы Азия ойындарында джиу-джитсу өнерін меңгерген жігіттеріміз жарап тұр. Олар бүгін ел қоржынына екінші рет алтын жүлдені салды. Бұл жолы 77 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Руслан Исраиловтың бағы жанды. Кеше 62 келі салмақтағы Дархан Нартаев топ жарған болатын.

Руслан әуелі Иран жігітін таза жеңді. Одан кейін Иордания спортшысынан қосымша көрсеткіштері арқылы ғана басым түсті. Ширек финалда қырғыз қыранын жолынан тайдырды. Бұдан соң моңғол майталманын да мысы басты. Финалда тағы бір қырғызбен кездесіп, атапа айтқанда, Нурсултан Алымкуловты 2:0 есебімен ұтты. Жеңіс! Алтын!

85 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жігіттеріміздің біреуі қола жүлдені сарапқа салу мүмкіндігіне ие болған. Алайда Андрей Гаврилюк 3-орын үшін өткен кездесуде Қырғызстан спортшысы Абдурахманхаджи Муртазалиевке есе жіберіп алып, 5-орынды қанағат тұтты.

Дәл қазір осы спорт түріндегі жетістігіміз бәрінен жоғары болып тұр. Джиу-джитсудан 2 алтын, 3 қола медаль олжаладық. Ал жалпы жүлделеріміздің саны – 39 (5 алтын, 7 күміс, 27 қола).

Жалпы командалық есепте – әлі 11-орындамыз. Алтын саны бойынша өзбектерді қуып жеткенімізбен, олардың күмістер артық болып тұр (11 күміс). Бірақ кешке дейін басып озуымыз керек деп ойлаймыз. Енді жеңілатлеттеріміз шығады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу