Джо Байден Украинаға Ресейді атқылауға рұқсатын берді

1852

Мұның нәтижесінде Ресейдің қару-жарақ қоймалары мен әскери аэродромдары майдан шебінен алшақтап, әскери шығындары артуы ықтимал. Бұған қоса, Киевте Қырымды РФ-мен байланыстыратын Керчь көпірін қирататын мүмкіндік пайда болған сияқты. 

Джо Байден Украинаға Ресейді атқылауға рұқсатын берді Фото: rbc.ru

Президент Джо Байден әкімшілігі Ресейге терең соққы беруі үшін Украинаға АҚШ-та жасалған қаруды қолдануға рұқсат берді. Бұны жексенбі күні АҚШ-тың екі шенеунігі мен осы шешіммен таныс дереккөздерге сүйеніп, "Рейтер" хабарлады. Агенттіктің жазуынша, бұл рұқсат Вашингтонның Украина-Ресей жанжалындағы саясатын айтарлықтай өзгерткенін байқатып отыр.

Украина жақын күндері алғаш рет ұзақ қашықтыққа шабуылдарын бастауды жоспарлап отыр. Дегенмен, операциялық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты оның егжей-тегжейі ашық айтылмай отыр.

Байден мұндай қадамды жаңадан сайланған президент Дональд Трамптың 20 қаңтарда қызметіне кірісуіне екі ай қалғанда жасады. Айта кетсек, президент Владимир Зеленский Украина армиясының ел шекарасынан алыстағы ресейлік әскери нысандарға соққы беруіне АҚШ қаруын қолдануға рұқсатты бірнеше ай бойы сұрады.

Байден бұл рұқсатты Ресейдің өз күштерін толықтыруға Солтүстік Корея құрлықтық әскерлерін тартуына жауап ретінде беріп отыр. Пхеньянның Ресейге сан мың жауынгер жіберуі Вашингтон мен Киевті қатты алаңдатқаны белгілі.

АҚШ пен Оңтүстік Корея барлаушыларының есебіне жүгінсек, Солтүстік Корея Ресейге 12000 жауынгер жіберіп, оның ортайған қару-жарақ қоймасын толтыруға миллиондаған снаряд жеткізген.

Зеленский кешкі мәлімдемесінде айтқандай, "зымырандар өз жайын өздері айтып тұр".

"Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының көбі тиісті шаралар қабылдауға рұқсат алғанымызды айтып жатыр. Бірақ соққы сөзбен жасалмайды және мұндай нәрселер жарияланбайды", – дейді Зеленский.

Ақ үй мен АҚШ Мемлекеттік департаменті мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Украинаның америкалық қаруды қолдануына шектеулерді әлсірету әрекетін үлкен шиеленіс ретінде сипаттаған Кремльден де дереу жауап болған жоқ.

Дегенмен, Ресей жоғарғы палатасының халықаралық істер жөніндегі комитеті басшысының бірінші орынбасары Владимир Жабаров мәлімдегендей, Вашингтонның Киевке мұндай рұқсат беруі "Үшінші дүниежүзілік соғысқа" әкелуі мүмкін.

Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесінің жоғары лауазымды мүшесі Андрей Клишас Telegram платформасында жазба жариялап, "Батыс шиеленістің соншалықты жетелейтін қабылдады, бұның нәтижесінде Украина мемлекеттігі таң атқанша толық күйреп тынуы мүмкін" деді.

Украинаның алғашқы терең соққыларды 306 шақырымға жететін ATACMS зымырандарымен жасауы ықтимал.

Кейбір АҚШ шенеуніктері алыс қашықтыққа соққы беруге рұқсат соғыстың жалпы траекториясын өзгертетініне сенімсіздік танытқанымен, бұл шешім Ресей күштері жеңіске жетіп жатқан шақта Украинаға көмектесіп, келешектегі атысты тоқтату туралы келіссөздерде Киевтің позициясын нығайтады деген үміт бар.

Трамп қызметіне кіріскеннен кейін Байденнің шешімінен бас тарта ма, әлде жоқ па? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ. Трамп ұзақ уақыт бойы АҚШ-тың Украинаға қаржылай және әскери көмегінің ауқымын сынап, бұл соғысты тез аяқтауға уәде берді. Бірақ ол сол жоспарын қалай жүзеге асыратынын ашып айтқан емес.

Байден рұқсатының соғысқа әсері қандай болуы мүмкін?

Украина енді бұл зымырандарды Ресейдің ішіндегі нысандарға, ең алдымен, украин күштері 1000 шаршы шақырымнан астам аумақты ұстап тұрған Курск облысының төңірегіне соққы беруге қолдана алады.

Украина мен АҚШ өкілдерінің мәлімдеуінше, Ресей мен Солтүстік Корея Курскідегі территорияны қайтарып алу үшін қазір қарсы шабуылға әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, Украина Ресей аумағындағы позицияларды, соның ішінде әскери базаларды, инфрақұрылымдар мен оқ-дәрі қоймаларын нысанаға алып, шабуылдан қорғану үшін де ATACMS-ті пайдалануы ғажап емес.

Бірақ бұл зымырандардың шектеулі саны соғыстың бағытын өзгертпейді деген болжам да бар. Өйткені Ресей әскери техникасы мен аэродромдарын алысқа көшіріп үлгерген.

Бірақ америкалық қару  Украинаның шығысында ресейлік әскерлер күшейіп, моральдық ахуал төмендеген шақта, Киев күштерін қайта рухтандыруға да септігін тигізбек.

"Бұл шешуші рөл ойнайды деп ойламаймын. Алайда, кешігіп қабылданған символикалық шешім Украинаға әскери қолдауды нықтай түседі. Және де ол Ресейдің соғыс шығындарын арттыруы мүмкін", – дейді Би-би-си-ге берген сұқбатында Киевте тұратын батыстық дипломат мәселенің нәзіктігіне байланысты аты-жөнін атамауды өтініп.

Обама әкімшілігінде қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары қызметін атқарған Эвелин Фаркастың ойынша, Украина ATACMS ракетасын Қырымды материктік Ресеймен байланыстыратын Керчь көпірі сияқты нысандарға соққы беру үшін қолданатын болса, мұндай шабуыл да украиндарға "оң психологиялық әсер етуі мүмкін".

АҚШ-тың рұқсаты Ұлыбритания мен Францияны да Украинаға Ресей аумағына Storm Shadow зымырандарын атуға рұқсат беруге итермелеуі мүмкін. Storm Shadow - америкалық ATACMS-ке ұқсас мүмкіндіктерге ие франко-британдық қанатты зымыран. Ол да ұзақ қашықтықтағы объектілерді қиратуға арналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу