Джокович Астанада топ жарды

1356

​Аты аңызға айналған теннисші "Astana Open" додасының жеңімпазы атанды. Финалда нендей қызық болды?  

Джокович Астанада топ жарды

Жекелей сындағы тартыстың алдында жұптық сынның финалы өтті. Оған Андреас Мартин мен Адриан Маннарино жұбы шыққан еді. Олардың қарсыласы Хорватия мемлекетінен келген Никола Мектич пен Цаве Павич жұбы болды. Алғашқы сетте жеңімпаз атанған хорватиялықтар, сол басымдылығын екінші сетте де көрсетті. Қайта-қайта брэйк жасап, қарсыластардың геймінде жеңе берді. Франциялық теннисшілер бірнеше мәрте жақсы ұпайлар алғанымен, түбі таразы басын теңестіре алмады. Мектич / Павич жұбы жеңімпаз атанып, сый-сияпатқа кенелді.

Жекелей сынның финалына Новак Джокович пен Стефано Циципас шықты. Көрерменге лық толы зал керемет теннис матчын тамашалады. Алғашқы сетте бір брэйк жасаған сербиялық сеттің жеңімпазы атанды. Екінші сетте Джокович қарсыласына мүмкіндік бермеді. Өз геймдерін жеңіп қана қоймай, қарсыластың соққысын да тойтарып отырды. Екі сетте жеңіске жеткен атақты теннисші "Astana Open" додасының жеңімпазы атанды. Оның жүлде қоры 300 мың еуроны құрады.

Сонымен қатар АТР 500 жарысының жеңімпазы атанғандықтан рейт ингтік 500 ұпайды иеленді. Келесі аптада жаңаратын рейтингте жоғары көтеріледі деген сөз. Ал Циципас та біршама ұпай еншілеп, қомақты сыйақы алып отыр. Оның осы турнирде көрсеткен өнері көптеген жанкүйердің көңілінен шықты десек болады.

"Astana Open" додасы келесі жылы да өтуі тиіс. Түбі бұл жарыстың беделі артып, әлемнің көптеген мықты теннисшілері келіп қатысатын сайысқа айналуы мүмкін. Себебі биылдың өзінде әлемдік рейтингтің алғашқы бөлігінде жүрген теннисшілер келіп қатысты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу