Джокович пен Циципас финалда

1589

​"Астана Оупен додасының жартылай финалдары аяқталды. Енді кім жеңімпаз атанады?

Джокович пен Циципас финалда

Жартылай финалдық жұптардың алғашқысы болып Стефанос Циципас пен Андрей Рублев ойнады. Бұл кездесуде анық фаворит жоқ еді. Екеуі де терезесі тең қарсыластар. Әлемдік рейтингте де шамалас тұр. Андрей Рублев осы күндері 9 ракетка болса, Циципас 6-сатыда. Бірінші сетте қарсыластар бірден шабуылға кірісті Үшінші геймде Андрей Рублев Циципастың геймінде жеңіске жетті. Бір брэйк оған түгел сетте жеңіске жетуге жеткілікті болды. Грекиялық теннисші бірінші сетті жеңіліп қалған соң екінші сетте бар күшін салды. Стефаностың допты ойынға қосу сәттерінде ресейлік теннисші ештеңе де істей алмады. Ал өзінің бір геймінде олқылық танытып, қателік жіберіп алды. Осы сәтті тамаша пайдаланған грек теннисшісі сеттер санын теңестіріп қойды. Үшінші сетте Андрей Рублевтің жүйкесі сыр берді. Ол біресе жанкүйерлерге ұрысып, біресе төрешімен салғыласты. Кейіннен қарсыласы Стефаносқа да сөз қайтарды. Нәтижесінде үшінші сетте жеңіске жеткен Циципас Астанадағы турнирдің финалына жолдама алды.

Екінші жартылай финал ресейлік Даниил Медведев пен сербиялық Новак Джоковичтің арасында өтті. Алғашқы сетте ресейлік теннисші басым түсіп, 6:4 есебімен алғашқы сетті өз еншісіне жазды. Екінші сетте трибунаның қолдауымен жеңіске ұмтылған Джокович жақсы ойнай бастады. Әрбір соққысын нығырлап ұрып, ұпайдан шашау шығарм ады. Екінші сет жеңімпазы тай-брэйкте шешілді. Мұнда тәжірибиесі мол Джокович Данила Медведевтен айласын асырды. 7:6 нәтижесімен сетті жеңген Новак сеттер бойынша таразы басын теңестірді. Одан кейін үшінші сет болуы тиіс еді. Алайда, жарақат алған Даниил Медведев ойынды одан әрі жалғастырудан бас тартты.

Енді ертеңгі финалда Стефанос Циципас пен Новак Джокович кездеседі. Оған дейін "Астана Оупен" додасының жұптық сайысы өтеді. Онда франциялық Маннарино мен Мартин жұбы хорватиялық Мектич пен Павич жұбына қарсы шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу