Рихтер пандемия адам өміріне әлі де әсер етіп, олардың жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр еткен ерекше жыл екенін атап өтті. Турнир директоры көптеген жарыстардың тоқтатылғанын немесе кейінге қалдырылғанын және кенеттен келген өзгерістер әдеттегі өмірдің бір бөлігіне айналғанын өкінішпен айтты, - деп хабарлады Қазақстан Теннис федерациясы.
"Қазақстан теннис федерациясына, ең алдымен федерация президенті Болат Өтемұратовқа қазіргі жағдайға қарамастан Қазақстан үшін алғашқы тарихи турнирді өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Сіздің басшылығыңызбен, соңғы онжылдықта, қазақстандық теннистің дамуында үлкен серпіліс болды. Президент мырза, тенниске деген адалдығыңыз бен қолдауыңыз үшін көп рахмет. Бұл жаңа турнир болды. Алдын ала болжам жасап, қалай өтетінін дөп басу айту мүмкін емес еді. Көпшілігіңіздің Нұр-Сұлтанда өтетін ATP турниріне келу оңай шешім болмағанын сеземін. Сіздерге бұл жерде барлық жағдай жасалды деп сенемін. Барлықтарыңызды келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында тағы көремін деп үміттенемін! Амандықта жүздескенше!" - деді турнир директоры Атилла Рихтер.
Джон Миллман Astana Open турниріндегі жеңісімен ATP-гі алғашқы жүлдесін және 250 ұпай еншіледі. Аустралиялық теннисші қарсыласына, Қазақстан теннис федерациясына алғысын білдірді және қысқа мерзімде турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған ұжымға жылы лебізін білдірді.
"Бұл мен жеңіп алған алғашқы АТР 250 турнирінің жүлдесі. Мен үшін оның орны ерекше. Нұр-Сұлтан қаласында үлкен табысқа кенелдім. Адрианға үлкен рахмет және менің құттықтауларым. Матч оңай болған жоқ. Сен мықты қарсылассың. Сенімен корттау шеберлік байқасу жеңіл емес. Кортты менімен бөліскеніңе алғысымды білдіремен. Барлық ұйымдастырушыларға, лайнмендерге, супервайзерлерге, қызметкерлерге үлкен рахмет. Сіздердің керемет қонақжайлылықтарыңыз үшін демеушілер мен Қазақстан теннис федерациясының президентіне үлкен алғысымды білдіремін. Аустралияда таңдау айқын болған кезде біз no brainer дейміз. Мен үшін бұл нағыз no brainer, - турнир ATP кестесіне енгізілуі керек және Қазақстанда тұрақты негізде өткізілуі тиіс. Алты апта ішінде сіздер мүмкін емес нәрсені жүзеге асырдыңыздар. Бұл мен қатысқан ең үздік ATP 250 турнирінің бірі болды", - деді турнир жеңімпазы Джон Миллман.
Джон Миллман Қазақстан астанасында өтіп жатқан финалдық кездесуді сенімді бастады. Допты ойынға қосуда бірінші геймді өз пайдасына шешті. Қарсыласын бір бұрыштан екінші бұрышқа жүгіртті, қателесуге мәжбүрледі. Бірақ Адриан Маннарино біршама қателікке бой алдырғанымен, тез жинақталып, екінші геймде қарсыласының брейк-поинтқа жетуіне еш жағдай қалдырмады.
Маннарино бірінші сетте доптары алаң шебіне дәл тигенімен, өзі машықтанған үзақ доп алмасуда жолы болмай-ақ қойды. Қарсыластар бір-бірімен бекхендпен доп алмасты және бұл ретте Джонның жағдайы нашарлау көрінді.
Аустралиялық корттың бар аумағын бақылауда ұстады. Қарсыласына бір сәтке де бәсеңсуге мүмкіндік бермеді. Бұл әдіс әрине оған ұпай әкелді. Брейкпоинтты алдымен Адриан Маннарино еншіледі, бірақ екі финалистке де оңай тимеген геймде әріптесінің ойынға доп беру пайдасын өз есебіне шеше алған жоқ.
Джон Миллман келесі допты ойынға қосу сәтінде қателесіп, қарсыласына екі брейкпоинт сыйға тартты. Бірақ ерік-жігерін жинап, геймді өз пайдасына шешті. Есепті өз пайдасына бұра алмаған Маннарино кортта ашулы көрінді.
Ал екінші партияның басында әдетте салмақты болатын Маннариноның жүйкесі сыр берді. Өзінің өнеріне көңілі толмай наразылығын айқаймен жеткізді. Миллманның дәл көздеген соққыларын қайтаруда ұпай жоғалтып ала жаздады. Алайда матч барысында кортты жақсы сезінген Маннарино қарсыласы Джон Миллманға ыңғайсыз сәттерді де туғызып отырды.
Үшінші геймде Маннарино қатарынан екі олқылыққа жол беріп, допты өзі ойынға қосқан тартысты ойында қарсыласына брейк жасау мүмкіндігін беріп қойды. Француз теннисшісі тізгінді уысынан шығарып алды, ал Миллман жинақы көрінді және оның соққылары сенімдірек болды.
Адриан өзінің бой үйреткен техникалық ойын әдісіне орала алған жоқ. Миллман келесі геймді де өз пайдасына шешті. Матчболда ұпай санын жоғалтқаннан кейін Маннарино жеңіске жеткен қарсыласының қолын қысудың орнына, шешімін қайта қарату үшін бас төрешіге беттеді. Бірақ төреші соңғы нәтижелі есепті жариялады: 7:5, 6:1.
Ермұхамед Мәулен