Джон Миллман - Astana Open турнирінің алғашқы финалисті

554

Astana Open турнирінің жартылай финалында аустралиялық Джон Миллман мен АҚШ өкілі  Фрэнсис Тиафо кездесті.

Джон Миллман - Astana Open турнирінің алғашқы финалисті

Әлемнің 45-ракеткасы Джон Миллман бүгінгі сынға дейін 1/8 финалда Фернандо Вердасконы, ал бір күн бұрын 0:5 есебінде  адам сенгісіз камбэк орындап Томми Полды ұтқан болатын. Әлемдік рейтингте 64-орында тұрған Фрэнсис Тиафо өз кезегінде  Корентен Муте, турнирдің екінші нөмірі  Миомир Кецмановичті және тартысқа толы үш сеттік матчта Егор Герасимовті қапы қалдырды.

Бүгінгі жартылай финалға дейінде қос теннисші өзара кездескен. Таразы басы Джон Миллман жағында болғанымен биылғы US Open додасында бес сетке созылған кездесу Фрэнсис Тиафоның жеңісімен аяқталған. 

Нұр-Сұлтанда өткен Тиафо мен Миллман арасындағы тартыс қос тараптың сенімді допты ойынға қосуларымен басталды. Бесінші геймдегі Миллманның екінші доп беруінде 0:40 есебімен артта келе жатқан Тиафо қатаңдау ойнап, брейкпоинтқа қол жеткізді. Бірақ аустралиялық оңай берілетін қарсылас емес екен. Миллман сет барысында допты ойынға қосуда қателіктерге бой алдырды. Нәтижесінде Тиафо сеттегі бірінші брейкті орындады. Миллманның брейкпен жауап беруге мүмкіндігі болған. Бірақ өз бабын тапқан Тиафо оған еш мүмкіндік берген жоқ. Миллман қарсыласының жылдамдығына ілесе алмай әбден састы. Осылайша өзінің ойынға доп қосу сәтінде тағы бір геймді қарсыласына беріп қойды. Сет Фрэнсис Тиафоның пайдасына шешілді.

Екінші партияның басында Джон Миллман допты алаң шетіне қарай беруге тырысты. Ал Фрэнсис Тиафо қысқа шабыуылдармен жауап қайтарды. Екі теннисші допты ойынға қосу геймдерінде қателік жасаған жоқ. Есеп 2:2 болғанда, брейкпоинтқа бірінші болып аустралиялық теннисші жетті. Бірақ  бұл ретте де Тиафо мықтылығын дәлелдеп,  артқы линиядан соққан доптары мен қысқа қайырымдарда қарсыласының мүлт кетуіне жол ашты. Фрэнсис келесі геймде форхендтен қателескенімен өз геймдерін нөлдік есебімен алды. Партия соңына қарай Миллман америкалық әріптесіне шабуылын үдете түсіп, 4:4 есебінде брейкпоинтқа қол жеткізді. Көп ұзамай тізгінді қолға алған ол, Тиафоны тығырыққа тіреп, сет есебінде таразы басын теңестіріп кетті.

Шешуші сетте Фрэнсис Тиафо бірінші болып брейк жасады және 2:0 есебімен алға шықты. Миллман болса геймде бір де бір ұпайға иелік ете алған жоқ. Келесі геймдегі брейкпоинтта жүзеге аспады. Аустралия өкілі допты ойынға қосуда мұқияттылық танытып, геймді өз пайдасына жазды, Тиафоның бәсеңдегенін пайдаланып қайтарма брейкпен көздегеніне жетті.   Тиафо шаршаңқы көрінді. Допты ойынға қосуда көп қателесті. Осыны пайдасына асырған аустралиялық қарсыласы төртінші ретте брейкпоинтты алды. Америкалық теннисшінің тартысты жалғастыруға күші жетпеді. Сетті өз пайдасына шешкен Джон Милманн Astana Open турнирінің финалына берліген жолдаманы жеңіп алды, 3:6, 6:4, 6:4.

"Маған бұл жер қатты ұнайды. Сондықтан Нұр-Сұлтанда өткізетін уақытты барынша ұзартқым келді. Шын жүректен барлық турнир ұйымдастырушыларына алғысымды білдіргім келеді. Тек бір ғана өкініштісі турнир жанкүйерсіз өтіп жатыр. Әрине, мұның барлығы пандемия салдары. Турнир АТР күнтізбесінде тұрақтап, мен Нұр-Сұлтанға қайта келемін деп үміттенемін", - деді Джон Миллман.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу