Дзюдодан Азияда төртіншіміз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1667

Гонконгте өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті жүлдеге ие болды.

Дзюдодан Азияда төртіншіміз

Азия чемпионаты 26-28 мамыр күндері Гонконгте өтіп, оған "Сарықұрлықтың" 29 мемлекетінен 244 балуан қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасы құрлық біріншілігіне 18 дзюдошыны үкілеп қосып, жеті (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) медаль еншіледі.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Жапония құрамасы иеленсе (8 алтын, 1 күміс, 3 қола), екінші орынға Оңтүстік Корея балуандары орналасты (3 алтын, 4 күміс, 7 қола). Үшінші орынға Моңғолияның қыз-жігіттері ие болды (1 алтын, 3 күміс, 5 қола).

Қазақстан қоржынына жалғыз алтынды 100 келі салмақ дәрежесінде белдескен Максим Раков салды. Ол ширек финалда моңғол, жартылай финалда өзбек балуандарын ұтып, финалда Корея үміті Хуеншеол Кимнен басым түсті. Сөйтіп екі дүркін Азия чемпионы атанды. Алғаш рет 2009 жылы Тайваньда өткен құрлық біріншілігінде алтынмен апталған болатын.

48 келіде бақ сынаған Галбадрах Отгонцэцэг финалда бұрынғы отандасы, Моңғолия құрамасының үздігі Мунхбат Уранцэцэцгтен ұтылып қалды. Финалға дейін Вьетнам, Индонезия және Жапония қыздарынан басым түскен болатын.

66 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Елдос Жұмақанов финалда Оңтүстік Корея оғланы, әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Баул Анға есе жіберіп алды. Ол шешуші белдесуге дейін Непал, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан балуандарын жолынан тайдырған болатын.

90 келі салмақ дәрежесінде татами көрігін қыздырған Ислам Бозбаевқа да бұйырғаны күміс болды. Ол финалда тәжік Комроншох Устопириенмен белдесіп, тек ескертулерінің (шидо) көптігінен екінші орынды қанағат тұтты. Ол оған дейін қырғыз, өзбек балуандарын, сондай-ақ Корея қыранын жеңген еді.

73 келіде сынға түскен Жансай Смағұлов үшінші орын үшін өткен белдесуде Иран балуаны Мохаммади Баримонлоуды алып ұрып (иппон), Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ қыздар арасында ел намысын қорғаған аруларымыздың екеуі қола жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, Зере Бектақызы (70 келі) және Гүлжан Исанова (+78 келі) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Өкінішке қарай, Севара Нышанбаева (57 келі), Мариям Ордабаева (63 келі), Альбина Амангелдиева (78 келі) сынды қыздарымыз, сондай-ақ +100 келі салмақ дәрежесіндегі Ержан Шынкеев пен Еламан Ерғалиев сынды алыптарымыз қола жүлде үшін күресіп, жеңіліске ұшырады. Бесеуі де Азия чемпионатын 5-орынмен аяқтады.

Азия чемпионатының соңғы күні, яғни кеше командалық белдесулер өтті. Өкінішке қарай, ерлер және әйелдер арасындағы ұлттық құрамаларымыз жүлделі орынға бір сүйем жетпей сүрінді. Қазақстан құрамасының қыз-жігіттері қола жүлде үшін белдесіп, бақтары жанбай, 5-орынды қанағат тұтты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу