Дзюдодан Қазақстан құрамасы Tashkent Grand Slam 2026 турнирінде бақ сынайды

122

Жарысқа әлемнің 40-тан астам елінен 380-нен аса спортшы қатысады деп күтілуде.

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Tashkent Grand Slam 2026 турнирінде бақ сынайды Фото: ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті

Tashkent Grand Slam 2026 турнирі 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында Ташкенттегі "Хумо Аренада" өтеді. Бұл жарысқа қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының тізімі де белгілі болды. 

Беделді жарыста ел намысын 13 ер спортшы және бір әйел дзюдошы қорғайды. 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин мен Талғат Орынбасар татамиге шығады. 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов сынға түседі. 73 келіде Аңсарбек Ғайнуллин мен Ануар Жұмагелдин белдессе, 81 келіде Асқар Нарқұлов пен Мәди Амангелді күреседі. 90 келіде Барақ Арқабай ел атынан жалғыз қатысады. 100 келі салмақта Бақжан Байтас пен Бейбіт Мадеев өнер көрсетеді. Ал аса ауыр салмақта (+100 кг) Еламан Ерғалиев пен Ерасыл Қажыбаев күш сынасады.

Әйелдер арасында +78 келіде Назгүл Маратова Қазақстан атынан қатысады.

Бұл дода Халықаралық дзюдо федерациясының Әлемдік туры аясындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Турнир қорытындысы бойынша спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпай жинап, олимпиадалық цикл аясындағы іріктеу кезеңінде өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік алады.

Үш күнге созылатын жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасындағы барлық салмақ дәрежелерінде жүлделер сарапқа салынып, белдесулер халықаралық регламентке сәйкес ұйымдастырылады.

Турнирдің жүлде қоры 154 мың еуроны құрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу