Дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваға Орал қаласынан жаңа пәтер табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Баспана кілтін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев спортшыға дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатында табыстады.
16 жастағы Фатима Сұпығалиева биыл Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Осылайша ол Қазақстан тарихында қыздар арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы болды.
Салтанатты жиында өңір дзюдосының дамуына үлес қосқан Батыс Қазақстан облысы дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев те марапатталды. Оған Туризм және спорт министрлігінің "Спорт саласының үздігі" төсбелгісі табысталды.