Дзюдошыларымыз Ташкентте медаль ала алмады

318

28 ақпанда Ташкентте (Өзбекстан) дзюдодан "Үлкен дулыға" сериясының халықаралық турнирі басталды.

Дзюдошыларымыз Ташкентте медаль ала алмады

Ташкентте 28 ақпаны мен 2 наурыз аралығында "OTP Group Tashkent Grand Slam 2025" дзюдо турнирі өтуде. Жарысқа 23 елден 242 спортшы қатысуда. Оның ішінде 116 ер және 126 әйел спортшы бар.

Жарыс кестесі:
1-күн (28 ақпан): Ерлер: -60 кг, -66 кг; Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг.
2-күн (1 наурыз): Ерлер: -73 кг, -81 кг; Әйелдер: -63 кг, -70 кг.
3-күн (2 наурыз): Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг; Әйелдер: -78 кг, +78 кг.

Бүгін, 28 ақпан боз кілемге шыққан дзюдошыларымыз алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшылардың ешқайсысы финалдық кезеңге шықпады. Алғашқы жарыс күнінде бақ сынаған дзюдошылардың барлығы жарыстың алғашқы кезеңінде жеңіліс тапты.

Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрәділ Әлжан алғашқы белдесуінде өзбекстандық Камаллидин Бахтиеровке есе жіберді. 66 келіде Ердәулет Бозша өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевке жеңілді. Ержан Еренқайыпов Қазбек Нагучевке жол берді (БАӘ).

Әйелдер арасындағы бәсекеде 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалия Тынбаева тәжікстандық Ахлия Муминовадан, Диана Букреева ресейлік Сабина Гилязовадан жеңіліс тапты.

Құндыз Жылқыбай (52 келіге дейін) Мария Комастан (Испания), ал Бақыт Құсақбаева (57 келіге дейін) Ирина Зуеваға (Ресей) есе жіберді.

Қазіргі таңда командалық есепте Жапония 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен көш бастап тұр. 1 күміс, 4 қола иеленген жарыс қожайындары Өзбекстан құрамасы екінші орында. 1 күміс, 1 қола медаль иеленген Испания командасы үздік үштікті түйіндеп тұр. 

Алдын ала кездесулер жергілікті уақыт бойынша 10:30 - 12:00-де басталады, ал финалдық бөлім 17:00-де өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 154,000 еуроны құрайды. Тікелей көрсетілімін JudoTV ресми платформасынан тамашалауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу