Е-commerce мәселесі үкіметтің дәлізінен аспайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3253

Кәсіпкерлер корпоративті табыс салығының жеңілдігіне жете алмай жүр.

Е-commerce мәселесі үкіметтің дәлізінен аспайды

Қазақстанда интернет саудамен айналысып жүрген кәсіпкерлер мемлекет ұсынған корпоративті табыс салығының жеңілдігін пайдалана алмай отыр. Интернет-бизнес қауымдастығының президенті Константин Горожанкин мұның бірнеше себебі бар екенін айтты. Оның сөзінше, жеңілдікті пайдалану үшін транзакцияның 90%-ы интернет арқылы өтуі тиіс. Біздің елде мұндай мүмкіндікке бірде-бір интернет саудасының өкілі ие емес. Себебі нарықтың осы сегментінің 10-15%-ы ғана алпауыт ойыншылар, өзгелері банк карточкасы немесе қолма-қол ақша айырбасы арқылы сауда жүргізіп отырған шағын бизнес өкілдері.

"Интернет саудасының тек 10-15%-ы ғана корпоративті табыс салығының жеңілдігін пайдаланып отыр. Біз бұл пайызбен интернет нарығының көсегесін көгерте алмаймыз", – дейді Константин Горожанкин.

Ол "Digital Kazakhstan" коммерция нарығын дамыту туралы ұсынысты  премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың назарына ұсынғанын жиналғандардың есіне салды.  Оның пайымдауынша, бұл мәселе жылына екі рет үкіметтік деңгейде талқыланып отыруы тиіс. Себебі е-коммерция нарығын көтеру туралы мәселе үкіметтік деңгейде жиі айтылғанымен, нақты әрекет жоқ. Ұсыныстар үкімет дәлізінен интернет нарығына жеткенше өзектілігін жоғалтып алады.

Константин Горожанкиннің айтуынша, бұл нарықта көштің соңында емес, алдында жүргендер ғана ұтады.

"Алатау инновациялық паркінде 120-дан астам компания бар. Олардың тек екеуі ғана интернет-дүкен. Бұл жерде корпоративті салық жеңілдіктері қарастырылғанын білеміз. Мұндағы интернет-дүкендерге кез келген уақытта салық  органдарының өкілдері келіп, салықты дұрыс төлемей отырғандарын айтуы мүмкін. Осыдан соң өзгелер қандай жағдайда жұмыс істеп отырғанын ойлаудың өзі қорқынышты", – дейді Константин Горожанкин.

Бұл пікірге  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мадиев жауап берді. Ол инновациялық технологиялық парк болашақта Алматы қаласы әкімдігінің балансына өтетінін айтып, мәселе Алматы әкімдігі мен интернет қауымдастығы өкілдерінің кездесуі  кезінде жан-жақты талқыланатынын жеткізді.

Алмас Мадиевтің мәлімдеуінше, Алматы  әкімдігі интернет сауда үйлерінің 80%-ы Алматы қаласында жұмыс істеп жатқанынан хабардар.

"Электронды интернет сауданы локализациялау мүмкіндігін  алдын-ала ойластырып жатырмыз. Алдағы уақытта оларды тіркеу немесе қайта тіркеуге қатысты жұмыстарды қысқартуға басымдық береміз. Біз бұл қадамға интернет нарығы өкілдерінің өкпе-ренішін болдырмау үшін барайын деп отырмыз", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Константин  Горожанкин Алмас Мадиевтің ұсынысын қабыл алғанмен, мәселені Алматы шеңберінде шешуге болмайтынын ескертті.

Оның айтуынша, үкімет 2021 жылға қарай Қазақстандағы сауда-саттықтың 2-3%-ы е-коммерция нарығының үлесінде болады деп үміттеніп отыр. Қазіргі көрсеткіш 1,9 % ғана. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш -17, Германияда- 21  Ресейде - 6%-ға жеткен. Интернет-сауданың көрігін қыздыратын топ 16-34 жас аралығындағы жастар. Қазақстанда осы жастағы тұтынушылардың үлесі 12%-ға да жетпейді. Ал көрші Өзбекстанда жастардың үлесі 27%-дан асып кеткен.

Константин Горожанкин стартап-қозғалыстарды Алматы, Астана, Ақтау қалаларында ғана қолдау арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкін емес екенін айтты.  

"Қазақстанда қазір 3 миллионер қала бар. Интернет сауданы енді қолға алғандарға кәсіптеріңді миллионер-қалаларда бастаңдар деп кеңес беремін. Бұл бизнесте тек Қазақстанның нарығымен шектеліп қалуға болмайды. 16-34 жастағы тұтынушылар саны 1 млн адам болатын Ташкенттің мүмкіндігін де ескерген дұрыс. Егер осы қалалар нысанаға алынса, Орталық Азия елдерінің интернет нарығы біздің қолымызда болады", – деді Константин Горожанкин. Осы тұста ол Өзбекстанның мүмкіндігіне жеке-дара тоқталды. Оның айтуынша, Өзбекстандағы е-коммерция нарығының деңгейі Қазақстанның 2011 жылғы көрсеткішке жеткен. Олар бұл деңгейді 2 жылда бағындырған.  "Таяу арада Өзбекстанда халықаралық деңгейдегі транзакция ашылады. Ол Өзбекстанға халықаралық деңгейде қызмет көрсету мүмкіндігін береді. Бізге осы нарыққа кіріп, одан өз үлесімізді алып үлгеру қажет. Бұл нарықта кәсібін енді бастап жатқан жаңа субьектілер мен алпауыттардың  мүмкіндігі бірдей", – деді Константин Горожанкин.

Chocolife компаниялар тобының жетекшісі Рамиль Мухоряпов кәсібін енді қолға алып жатқандарға бұл сегментке келуге асықпау туралы ақыл айтты.

"Бизнестің бұл түрі шығынды көп талап етеді. Қазақстанда заң дұрыс жүйеленбеген. Тіпті бұл сегменттің қатысушылары корпоративті табыс салығына қатысты жеңілдіктен де қағылып  отыр. Үкіметтің айтқаны мен нақты істің арасында алшақтық көп. Біз шетелдік маркетплейстардың да шығынға батып жатқанын білеміз. Олар пайда көргісі келіп, қаржыны үстемелетіп құйса да, қайтарым аз. Бұл сегментте пайдаға бірден кенелмейсің. Нарыққа аз қаржымен кіргендер қиындыққа төтеп бере алмайды", – деді Рамиль Мухоряпов.

Форумда  тұтынушылардың ұлттық лигасының төрағасы Светлана Романовская қазақстандық электронды коммерция нарығының ойыншылары барлық компаниялар аттап өте алмайтын ар-намыс кодексін қабылдау керектігін айтты.

"Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан компаниялар туралы ақпарат өте аз. Салдарынан нарыққа жаңадан келген ойыншылар кіммен жұмыс істеу керектігін немесе кімнің ауласына түсіп кетпеуі тиіс екенін білмейді.  Бизнестің өз заңы бар. Оны ешкім аттап өте алмайды. Сондықтан бұл мәселені шұғыл шешу қажет", – деді Светлана Романовская.

Константин Горажанкин бұл ұсынысты қолдайтынын, тіпті қолұшын беруге әзір екенін айтты.

"Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік, бірақ шеше алмадық. Бұл жолы сіздермен біріксек, нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз", – деп түйді сөзін интернет-бизнес қауымдастығының президенті.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу