ЕАЭО аясында Вьетнаммен серіктестік Қазақстанға не берді

2466

Ресейдің экспорты ұлғайып, Қазақстанның экспорты қысқарып келеді.

ЕАЭО аясында Вьетнаммен серіктестік Қазақстанға не берді

Еуразиялық экономикалық одақпен жан-жақты ықпалдастық орнатуға бірінші болып келісім берген санаулы мемлекеттің бірі – Вьетнам болатын, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Екі тараптың сол келісімді құжатпен бекіткендеріне 5 жыл толып отыр. Еуразиялық экономикалық кеңес аталмыш датаға орай, одақ пен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың экономикалық тиімділігін қорытындылаған талдау жариялады.

 Сонымен, 2020 жылы Вьетнам Социалистік Республикасының сыртқы әлеммен саудасындағы ЕАЭО-ның үлесі 0,91%-ға жеткен. Мұны ақшаға шақсақ, 5,9 млрд доллар деген сөз. Экспорттағы үлесі 0,41% болса, импорттағы үлесі – 1,54%.

Одақтың Вьетнаммен тауар айналымында Ресейдің үлесі 2017 жылы 88% болса, 2020 жылы 90,7%-ға артқан. Оның ішінде экспорттағы үлесі ол кезде  84% болса, былтыр 91,2%-ға жеткен.

Ал Қазақстанның Одақ пен Вьетнам арасындағы сауда айналымынан алатын үлесі 2017 жылы  9% болса (экспорт – 12%, импорт – 8%), 2020 жылы 6,1%-ға (экспорт – 3,1%, импорт – 7,2%), түсіп кеткен.

Ресейдің Вьетнаммен одақ аясындағы тауар айналымы ақшамен есептегенде 5 млрд доллардан асады. Яғни, қалған республикалардың үлесі бәрін қосқанда 1 млрд долларға да жетпейді.

Мысалы, Қазақстан мен Вьетнамның арасындағы сауда айналымы 381 млн доллар ғана.  

2017 жылдан бері Қазақстанның Вьетнамға шығарған экспортының көлемі 274,2 млн доллардан 57,4 млн долларға дейін азайған.

Соңғы бес жылда Қазақстанның бұл елге сататын тауарларының құрылымы мүлде өзгермеген деуге болады. Негізгі тауарлар – сол баяғы қорғасын, мырыш, қара металл.

"Вьетнам қойған тарифтік қорғаныс тетіктері Қазақстанға экспорттың құрылымын әртараптандруға мүмкіндік қалдырмай отыр". Бұл – ЕЭК сарапшыларының берген бағасы.

Сондықтан қазақстандық өндірушілер шалғайдағы Вьетнамға кілең шикізат қана өткізуді тиімсіз санап отыр.  Олай дейтініміз, Қазақстан Вьетнам сұраған көлемнің 4,6%-ын ғана орындаған.

"Қазақстан бұл елге бидай, бидай ұны, қызанақ пастасы, табак, металл илегі, ферроқорытпа, кен мен концентрат, мұнай өнімдері, алюминий және пропан сияқты өнімдерді экспорттай алады",– деп топшылайды ЭЕК сарапшылары. Алайда аталған тауарды қазақстандық өндірушілерге бірнеше шекарадан алым-салық төлеп Вьетнамға жеткізгенше, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі арналар арқылы экспорттай беру әлдеқайда тиімді екені бес жасар балаға да аян дүние.

Ал Ресей Вьетнам қажет деп көрсеткен  сұраныс көлемінің 25%-ын орындап отыр. Өйткені Мәскеу экспорттайтын тауардың құрылымы Қазақстандікіне қарағанда сан қырлы.

2020 жылы Ресей бұл елге 110 млн доллардың шошқа етін, 261,5 млн доллардың металын, 17 млн доллардың балалар тағамын, 10 млрд долларға Тынық мұхиттың албырт балығын, ағаш өнімдерін және басқа да көптеген тауарды экспорттаған.  

Вьетнам Ресейден полимердің, металдың, өңделмеген болаттың, тростың, жеңіл және жүк көлігі бөлшектерінің, арнайы техниканың, катодтар мен дөңгелектің экспортын ұлғайтуды сұрап отыр.

Қорытындыласақ, Вьетнаммен сауда айналымындағы ең үлкен үлес Ресейге тиесілі болса, Беларусь екінші орынға шығып отыр. Қазақстан үшінші орында.

2017 жылы Беларусьтің бұл елмен сауда айналымындағы үлесі 2% болса, қазір 12%-ға артқан. Бірақ экспорттағы үлесі 3%-дан 1%-ға түссе, импорттағы үлесі 2%-дан 34%-ға көбейген. Беларусь Вьетнамға негізінен тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасын, ет өнімдерін көп сатады.

Беларусьтің Вьетнамға сатқанынан сатып алғаны көп болғанымен, әйгілі "МАЗ" компаниясының өнімін сол жақта арзан еңбек күшімен құрастыруға мүмкіндік алып отыр. 2019 жылдан бері Вьетнам аумағында ауданы 50 мың шаршы метр болатын "МАЗ Азия" атты бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның жарғылық капиталының 70%-ы Вьетнамға, 30%-ы Беларуське тиесілі. Кәсіпорын жылына 1500 көлік шығара алады.

Беларусь тарабы өзіндегі ауылшаруашылық тікелей келісімшарт арқылы сату қымбатқа түсетінін есептеп, қазір екіжақты жәрмеңкелер өткізу арқылы сауданы дамытуға күш салып жатыр.

"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Вьетнаммен арадағы сауда әлеуетін толық пайдаланбай отыр. Вьетнам сұрап отырған тауарларына тарифтік жеңілдіктер ұсынса да, оны пайдалануға құлықсыз. Экспорт көлемі артқан тауарларға одақпен келісімшарт бекітілмей тұрғанда да тарифтік жеңілдіктер болған. Ал одақ аясында берілген жеңілдіктер бойынша тауар сату бұрынғы қалыптан өзгере қойған жоқ", – деп қорытындылайды Еуразиялық экономикалық кеңес сарапшылары.

Осы қорытындыдан-ақ, Вьетнаммен одақ аясында келісім орнатудың Ресей мен Беларусьтен басқа елдерге не таза пайда, не дамудың жаңа мүмкіндігін бермегенін көруге болады. Соңғы жылдары АҚШ пен Батыстағы алпауыт өндірушілердің Қытайдың агрессиялық экономикалық саясатынан жерініп,  Индонезия, Вьетнам сияқты елдердің арзан жұмыс күшін пайдалана бастағаны белгілі. Демек, әлі күнге дейін социалистік бағыт ұстанатын Вьетнамның өзі ЕАЭО-ға технология әкелетін прогрессивті аймақ ретінде емес, шикізат қоймасы ретінде қарап отыр деген сөз.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу