Әрі бұл Ереванның әрекеттеріне байланысты туындаған тәуекелдерді ескере отырып қабылданбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан өкілдері Арменияға қатысты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қолданылуын уақытша тоқтатудың ықтимал салдары жөнінде баяндама әзірлеген.
Құжатта Арменияның Еуропалық одаққа (ЕО) кіру үдерісін бастауға бағытталған жұмысты заң жүзінде бекіткен заң қабылдауы ЕАЭО туралы шартта белгіленген одақ қызметінің мақсаттарына қол жеткізуге қауіп төндіретіні атап өтілген.
Баяндама авторларының пікірінше, Ереванның бұл әрекеттері одақтың өз міндеттерін орындауына қолайлы жағдай жасауға және оның мақсаттарына жетуіне кедергі келтіруі мүмкін шаралардан бас тартуға қатысты міндеттемелерге қайшы келеді. Бұл талаптар ЕАЭО туралы шарттың 3-бабында бекітілген.
– Мұндай жағдайда 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың басқа тараптары халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттарына, атап айтқанда, 1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес Армения Республикасына қатысты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қолданылуын уақытша тоқтату жөнінде бірлескен шешім қабылдауға құқылы, – деп жазылған баяндамада.