ЕАЭО электр энергиясы нарығының ережесі бекітіледі

5031

2019 жылдың соңына қарай электр энергиясын сататын ортақ алаң таңдап алынады.

ЕАЭО электр энергиясы нарығының ережесі бекітіледі

2019 жылдың соңына қарай ЕАЭО электр энергиясының ортақ ережесі бекітіледі. Бұл туралы Астанада өткен ЖЭК семинарының сыртында болған әңгімеде ЭҚНҚО (Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы) акционерлік компаниясы төрағасының орынбасары Ержан Мадиев мәлім етті.

"Қазір Еуразиялық экономикалық комиссия департаментінде электр энергиясының ортақ нарығының жұмыс істеу ережесі әзірленіп жатыр. Бұл ереже 2019 жылдың соңына қарай бекітіледі деп жоспарланып отыр. Құрамына министрлік, желілік компаниялар, өндірушілер енген  жұмыс тобы ережені биылғы жылдың соңына дайындау керек болатын. Бірақ даулы, күрделі сұрақтар көп болып, процесс ұзаққа созылғандықтан, әзірлеуді бір жылға ұзарттық. Әйтпесе биылғы жылдың қазанында алаң таңдауымыз керек еді. Алаң таңдағанда электр энергиясын сатып, жұмыс істеп тұрған алаңдардың бірін таңдауымыз керек", – деді ол abctv.kz тілшісімен болған сұхбатта Ержан Мадиев.

Электр энергиясын сататын алаңдар Ресей мен Қазақстанда бар. Ал  Армения, Қырғызстан мен және Беларусь елінде электр энергиясы нарығының болмауынан сауда алаңдары жоқ деп нақтылады Ержан Мәдиев.

"Жұмыс істеп тұрған алаңдардың бірін таңдау керек, бірақ ол үшін, ең бірінші, электр энергиясы ортақ нарығының жұмыс істеу ережесін бекітіп алу қажет. Ереже әзірлену үстінде. Сондықтан алаңды ереже дайын болған кезде таңдаймыз. Сонымен қатар ЭҚНҚО-ны бес ел үшін электр энергиясын сатып алатын орталық ретінде таңдап алу мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін көп жұмыс істеу керек", – деді ол.

Оның айтуынша, Ресейдің көтерме нарығы жақсы дамыған, онда қуаттылық және теңгеруші нарық бар. Қазақстанда қуаттылық нарығы тек келесі жылы енгізіледі. Ал теңгеруші нарық жоқ. Үлкен айырмашылық осы. Беларусь елінде электр энергия жүйесін толығымен мемлекет қадағалайды, Қырғызстанда электр энергиясы мемлекеттің меншігінде, ал Арменияда саланың құрылымы өзгертіліп жатыр. Нарықтар әртүрлі болғандықтан, бес ел үшін ортақ нарық ережесін жазу қиынға түсіп отыр. Сол себепті процесс ұзаққа созылуда.

"Келесі жылдың соңында ережені әзірлеп болып, алаңды таңдау мен ортақ нарықты іске қосу жайлы сөз қозғайтын боламыз деп ойлаймын. Бірақ қазірдің өзінде елдер арасында екіжақты келісімшарт бар, Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізіп отыр. Ресей мен Беларусь, Ресей мен Армения арасында да келісімшарт бар. Келісімшарттар бар, адамдар жұмыс істеп жатыр, бірақ та ортақ нарықты іске қосып, станциялар арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қандай да бір заңанамалық база жасап, нарықты іске қосу керек", – деп түйіндеді Ержан Мәдиев.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу