ЕАЭО-ның ортақ қаржылық органы құрылады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
11034

ЕАЭО елдерінің қаржы нарығындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге қол қойылды.

ЕАЭО-ның ортақ қаржылық органы құрылады

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Ереван қаласында өткен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында қаржылық реттеушілердің басшылары ЕАЭО-ның болашақ ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының ережелерін талқылады. Олар банктік және сақтандыру секторларындағы, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы еншілес ұйымдардың қолжетімділігін жеңілдетуге байланысты мәселелерге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар тараптар тұжырымдаманың қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органның міндеттерін және өкілеттіктерін сипаттауға арнаған бөлімінің мазмұнына қатысты пікір алмасты. Аталмыш орган 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес Алматы қаласында 2025 жылы құрылуға тиіс.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің төрағалары әріптестерімен ағымдағы экономикалық жағдай және өз елдеріндегі ақша-кредит саясатының іске асырылу барысы туралы ақпаратпен бөлісті, сондай-ақ Армения Республикасының бірыңғай ақша аудару жүйесімен танысты", –деп жазды бас банктің баспасөз қызметі.

Басқосу барысында Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің басқарма төрағасы П. Каллаурмен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды. Келісім қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздік және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша екі банк арасында ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Бұл құжатты іске асыру тұрақты байланыс орнату, заманауи киберқауіптерге қарсы іс-қимыл саласында ақпарат жинау, өңдеу және алмасу арқылы қаржы реттеушілеріне тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жиында бес елдің орталық банктерінің төрағалары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарында мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қажеттілігі негізінде лицензияларды өзара тануды және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына кемсітусіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Бауыржан Мұқан

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу