Ecojer жобасының басты міндеттері қандай?

1537

Лаззат Рамазанова Қазақстанның экологиялық бастамалары қауымдастығының миссиясын түсіндірді. 

Ecojer жобасының басты міндеттері қандай?

"Ecojer" өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының басты міндеттерін қауымдастық кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Лаззат Рамазанованың айтуынша, қауымдастықтың міндеті – технологиялық прогресті қамтамасыз ету кезінде қоршаған ортаны сақтап қалу.

"Біз қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіреміз әрі экономикалық әлеуетті де жақсартуға көңіл бөлеміз. Шынымен де, таза табиғат пен тұрақты экономика бірлескен кезде адамдардың өмір сүру сапасы арта түседі", – деді Лаззат Рамазанова.

Ecojer қауымдастығының негізгі міндеттерінің бірі – ластаушы компаниялардың ауа сапасына кері әсерін азайту үшін ең жақсы қолжетімді технологияларды әзірлеу және оларды кәсіпорындарға енгізу.

"Кәсіпорындарға әлемдік сапа стандарттарын енгізу компанияларға, мемлекет пен қоғам үшін де тиімді үдеріске айналғаны өте маңызды. Біз осы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондай-ақ, Ecojer қоршаған ортаның сапасын жақсарту, экология саласында ғылыми зерттеулер жүргізу жөнінде мақсатты бағдарламалар мен жобалар әзірлеуге, оларды үйлестіруге және іске асыруға көмектеседі", – деп қауымдастық басшысы атап көрсетті.

Бүгінгі таңда Ecojer филиалдары Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматыда жұмыс істейді.

Қауымдастық халықаралық шарттарды сақтау жөнінде халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық құруда. Қазіргі кезде жаңа Экологиялық кодекс жобасын қарау бойынша да белсенді жұмыс атқарылуда.

"Біздің қауымдастықта Экологиялық кодексті әзірлеуге тікелей қатысқан мамандар жұмыс істейді. Қауымдастық қоршаған ортаға қатысты шешімдер қабылдау кезінде қоғамның рөлін күшейту туралы Парламент Мәжілісіне ұсыныстар жолдады. Сонымен қатар, мамандарымыз кәсіпорындарда техникалық аудит өткізуге де қатысады. Осы аудит негізінде ең жақсы қолжетімді технологиялар туралы анықтамалық кітаптар әзірленеді", – деді Лаззат Рамазанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу