Жекпе-жек екі минуттан тұратын он раундқа жоспарланған болатын. Боксшылар он раунд бойы жұдырықтасып, нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Фируза қарсыласына 98:92, 97:92, 96:93 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен алтыншы раундта төрешілер қазақстандық боксшы қыздың ұпайын есепке алмады. Шарипова үшін бұл кәсіпқой бокстағы екінші жеңіліс болды. Ол спорттық мансабындағы бірінші жекпе-жегінде жеңіліп, содан кейін қатарынан 14 рет жеңіске жеткен болатын. Ал жеңілісті білмейтін Тейлор 20-шы кездесуінде қарсыласын тізе бүктіріп отыр.
Matchroom Boxing промоутерлік компаниясының басшысы Эдди Хирн жекпе-жекке қатысты пікір білдірді және Тейлор мен Шарипова қарымта кездесу өткізуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Әзірге қарымта кездесу өткізуге негіз жоқ. Шарипова жақсы жекпе-жек өткізді. Менің ойымша, ол бұрын-соңды мұндай жоғары деңгейде жұдырықтаспаған. Фируза рингке қайта оралып, әлем чемпионы болады. Кэти енді пуэрто-рикалық Аманда Серраноға қарсы жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Мен Фирузаның қайта оралатынына сенімдімін", – деді Хирн.
"Бәрі оңай жекпе-жек болады деп ойлады. Бірақ біз қиын жекпе-жекке дайын болдық. Жалпы бұл менің 20-шы жекпе-жегім, 20-шы жеңісім. Мен әлі жеңіліп көрген жоқпын сондықтан маған шағымдануға негіз жоқ", – деді Тейлор Boxingscene.com сайтына берген сұхбатында.
Жекпе-жектен кейін Фируза Шарипова рингте еліміздің көк туын көтеріп, британиялық көрермендерді тәнті етті. Енді қазақстандық боксшы қарымта кездесу өткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Sports.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
"Төрешілік өте үлкен рөл атқарды. Рефери жұдырықтасуда кедергі келтірді. Ал қарсыласым Кэти менің қолымды шырмап тастады. Үшінші раундта ол басымен қабағымды жарды. Бірақ сонда да төреші оған мән бермеді және ол британдық. Сондықтан оның Тейлорға жанкүйерлік еткені айдан анық. Егер төреші басқа елден болса, бұл жекпе-жекте есеп тең болатын еді. Жеңілістің аты жеңіліс. Мен мұнда жеңу үшін келдім. Енді жеңілісті қабылдау маған қиын болып тұр. Қайткен күнде де есе қайтарамын. Бір ай уақыт қалғанда ғана бұл жекпе-жек туралы білдім. Екі апта қалғанда келісім-шартқа қол қойылды. Енді бұрынғыдан да жақсы дайындалып, мүмкіндігінше төрешінің басқа елден таңдалғанын талап етемін. Сонда жекпе-жек мүлдем басқаша болады. Ал қазір мен өте жақсы жұдырықтасып, халықаралық спорт аренасында ел намысын абыроймен қорғадым деп ойлаймын", – деді Фируза Шарипова.
Ермұхамед Мәулен