"Еденге құлап, өлгендей түр таныттым": Лаңкестер шабуылынан аман шыққандар көргенін айтты

21501

​Ресейлік ақпарат құралдары "Крокусқа" шабуыл кезінде қаза тапқандар саны 150 адамнан асқанын хабарлауда.

"Еденге құлап, өлгендей түр таныттым": Лаңкестер шабуылынан аман шыққандар көргенін айтты Фото: Бейнежазбадан

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне маманданған "112" Telegram-арнасы төл дереккөздеріне сүйеніп, бұл санның ақырғы еместігін, мерт болғандардың қатары ары қарай тек өсе беретінін жариялады. Тіпті бірнеше жүзге дейін жетуі де ғажап емес.

Ресейдің жаңа тарихында мұнша алапат теракт бұрын-соңды болған емес. ТАСС агенттігінің жазуынша, бұған дейін Дубровкадағы "Норд-Ост" оқиғасы – ең зұлмат саналды. 2002 жылғы 23 қазанда Мәскеуде 40 қарулы содыр Дубровкадағы Театралдық орталық ғимаратын басып алып, ондағы көрермендерді, әртістерді және орталық қызметкерлерін – жалпы саны 912 адамды кепілдікке алды. Шабуыл кезінде театрда "Норд-Ост" мюзиклі жүріп жатқан.

Содырлар Ресей билігіне талап қойды: топ басшысы Мовсар Бараев РФ билігінен Шешенстандағы контртеррористік операцияны доғаруды және федералдық әскерлерді алып кетуді талап етті. Бірақ ол шартын қабылдамаған күш құрылымдары ғимаратты шабуылдады. ТАСС дерегінше, улы газдан және атыстан 130 адам құрбан болды.

"Крокустағы" лаңкестік оқиғасы құрбандарының саны жөнінен одан да асып кеткенге ұқсайды.

"Крокус Сити Холдағы" теракт 22 наурызда, кешкі сегізде басталған. Ол туралы хабарламалар тоғызға қарай жариялана бастады. Куәгерлердің және ресейлік ақпарат агенттіктерінің оқиға орнындағы журналистерінің айтуынша, бірінші болып, оқиға орнына төтенше жағдай қызметкерлері жеткен. Алайда жоғарыдан түскен нұсқауға байланысты отқа оранған ойын-сауық, сауда, концерттік орталықты сөндіруге кіріспеген.

Тек күш құрылымдары жеткен соң, ғимараттың лаулаған шатыры концерт залының ішіне опырылып құлай бастағанда, құтқарушылар тікұшақпен су шашып, ғимарат төбесінде аман қалған бірлі-жарым адамдарды сатылы көтергіш машинамен жерге түсіруге кіріскен.

"Важные истории" порталымен әңгімелескен куәгер әйел терроршылар шабуылы сегізде басталып кеткенін растады.

"Біз екінші қабатта болдық. "Пикник" тобының концерті басталғалы жатқанын білдіріп, театрдағы сияқты бірінші және екінші қоңырау шылдырлады. Үшіншісі үлгермеді: 20:00-ге бірер минут қалғанда барлығы басталып кетті. Атыс естілді, дүрліккен адамдар айғайлап, қаша бастады. Бірінші этажда қанға бөгіп жатқан қызды көрдік. Біз сыртқы киімсіз сыртқа қашып, 20:10-да метроға жеттік", – деді ол.

Baza порталына куәгерлердің бірі содырлардың атысты көшеде бастағанын, кіреберісте тұрған адамдарды, соның ішінде "Крокус" күзетшілерін атып тастағанын баяндады.

"Атыс басталып кеткенде, мен бірінші қабатта, орталық есіктің жанында тұрдым. Көшеден ата бастады. Шыны қабырғалар сынып, шашылып қалды. Кіреберісте үш күзетші тұрған еді. Біз дереу жарнамалық қалғанның артына тығылып қалдық, шабуылдаушылар бізден он метр жерден өтті. Олар бірінші қабатта жолай кездескеннің бәрін атуға кірісті. Содан соң бұрылып, не концерттік зал, не океанарум жаққа кетті. Атыс дабыры алыстағанда, жандәрмен орталық есікке ұмтылып, далаға қаштық. Сыртта орталық администарторлары жаралыларға алғашқы көмек беріп жатты. Басқа қызметтерді байқамадық", – деді ер адам.

"Медуза" басылымы куәгер Ольганы әңгімеге тартты. Терроршылар "Пикник" тобының өнерін тамашалауға құмартқан көрерменге жаңа-жаңа тола бастаған алып концерт залына кіре сала, атқылай бастаған. Содан кейін "Молотов коктейлін" жағып, лақтырған. Салдарынан зал өртенді.

"Барлығы басталғанда, мен залдағы өз орныма отырып үлгергенмін. Бастапқыда не болып жатқанын бірден түсіне алмадым. Концерт басталардан бес минуттай бұрын холда түсініксіз шыңғырған дауыстар естілді, мұны "Пикниктің" фанклубының қойылымы шығар деп ойладым. Концерттерде ондай жиі болады. Содан кейін холл жақта петардалар жарыла бастағандай болды, бұрын естімегендіктен, мұның атыс екенін білмедім ғой. Артынша залға "Крокустың" күзетшілері, қызметкерлері жүгіріп кіріп, барлығын сахнаға бағыттады. Көп адам сол жолмен құтылды. Айғайдан құлақ тұнды. Қасындағы адамын жоғалтқандар бірін-бірі дауыстап шақырып, артта қалды. Жолым болды: алтыншы қатардың шетіне билет алғанмын, қашар жолымды ешкім бұғаттамады, сахнаға тез шыға алдым", – деді Ольга.

"Крокустағы" көрермендердің, сатып алушылардың, сатушылардың және қызметкерлердің бір бөлігі "өрт кезінде пайдаланылатын баспалдақпен" құтылуға тырысыпты, алайда ол жабық болып шықты. Бұл туралы Baza порталына куәгердің бірі мәлім етті.

"Концерт залына қарулы төрт адам кірді. Олар бірден көрермендерді қыруға кірісті. Жолыққандарды қаруының ұңғысын тіреп тұрып сол орнында атып тастады. Алдыңғы жақтағылар, үлгергендер сахнаға тұра жүгірді. Сахнада, шымылдырық артында әртістер шығатын жасырулы жолдар бар. Шабуылдаушылар адамдарға "Молотов коктейлін" жағып лақтырды. Біріншісі лауламай сөніп қалды. Ізінен екіншісін тастады. Біз басқа есіктен шығып, өрт кезіне арналған баспалдақтан кетуге жанталастық. Бірақ оның есігі төменгі қабатта жабық тұр екен. Бұл баспалдақ жолымен құтылуға тырысқан адамдар саны 400-500 адамдай болды. Бір бөлігі жанұшыра шатырға көтерілді. Бір бөлігіміз бірінші қабатқа шығып, бас сауғалай қашқан бойы орталық есіктен далаға шыға алдық", – деді куәгер.

Лаңкестер саны көп болмағандықтан, бұл кезде холда атыс доғарылған көрінеді.

Ғимараттан шыға алмаған көптеген адам дәретханаларда, мүлік-мүкәммал, жүк сақталатын қоймалар мен орынжайларда жасырыныпты. Өрт сөндіру уақытылы басталмағандықтан, біразы түтінге қақалып өлген. Танымал SHOT телеграм-каналының дереккөзінің мәліметінше, қаза тапқандардың көпшілігі дәл сол жерлерде табылып жатыр. Бұл адамдардың денесінде ешқандай жарақат жоқ.

РФ ақпарат құралдары "Крокустың" бір ғана дәретханасынан 28 мәйіттің табылғанын хабарлады. Тағы 14 мүрде эвакуациялық баспалдақтардың бірінен табылды.

Бүгінде іші толық дерлік өртеніп кеткен "Крокус Сити Холдың" сыртқы кейпі бейнеленген видеолар тарауда. Оның шатыры толығымен күйреп, ішіне түскен. ТЖМ күштері оны аршуға толыққанды кіріскен жоқ. "Крокустың" төбесі ішіне опырылып түсердің алдында, бірер мезеттей бұрын концерттік залда 200-ден астам адам қалуы мүмкін. Baza телеграм-арнасы бақылау камераларын қараудан кейін оперативті қызмет қызметкерлері осындай байламға келгенін жариялады. Құрбандар саны бірнеше жүзге дейін жетуі мүмкін деген болжам да осындай деректерге негізделген.

Ресейлік блогер Дэйв Примов куәгер ретінде көргенін Инстаграмда бөлісті, оның айтуынша, адамдарға өзін-өзі құтқаруға тура келген: бірде бір қызмет уақытында көмекке келмеген.

"Барлығы қаша бастады. Жұрт бірін бірі тапап тастады. Дүрбелең алапат дәрежеге жетті. Егер әлдекім құлап қалса, басқалары аттап өтпей, басып тастауда. Міне, дәл қазір менің артымда "Крокус" жанып жатыр. Оны әдейі өртеді. Біз бірнеше минут бұрын ғана әзер деп ғимаратты тастап шыға алдық. Киіміміз, ештеңеміз жоқ, бәрі ішінде қалды. Барлығы бірдей қашып шыға алмады. Сасқан жұрт "Крокустың" әр түкпіріне тығылуда. Мен мында не полицияны, не ОМОН-ды байқамай тұрмын. Жедел жәрдем енді ғана келе бастады", – деді Дэйв Примов оқиға орнынан.

Ол автоматтан кімдердің атып жатқанын көрмепті. Оның тобы жабық есіктердің бірін бұзып шыға алған екен. Олай болмағанда, тірідей жанып кететін еді: "Крокустың" олар жасырынған бөлігі отқа оранған.   

Блогер Илья Варламов жариялаған видеода куәгер әйелдердің бірі автоматтан оқ жауғанда сұлап түсіп, өтірік өлген болып жата қалғанын айтты.

"Содырлар алдымен есік жақтан атқылады. Олар біздің бәрімізді алақанға салғандай көрді. Оның бірі ортаға жүгіріп шығып, айналасын атқылауға кірісті. Мен еденге құлап, өлгендей түр таныттым. Қасымдағы қызды өлтіріп тастады. Атыс алыстағанда, үш-төрт минуттан соң ақырын еңбектеп, жер бауырлай қозғалып, сыртқа шықтым. Өртеніп жатқан ғимарат іші түтінге толды. Солай құтыла алдым", – деді бүгінде жаралы және денесі қатты күйген, ауруханада жатқан бойжеткен.

Милена есімді куәгер қыз концертке анасымен және әпкесімен барыпты. Олар залға кіреберісте, кешіккендермен бірге кезекте тұрды.

"Терроршылардың бір бөлігі осы кезекте, арт жақта болды. Кенет олар қаруларын суырып алып, адамдарды қыра жөнелді. Дәл осы кезде залға да еніп кетіп, партердегі адамдарды атқылай бастаған. Мұны залдан құтылып шыққан адам айтты. Шабуылдаушылар автоматын компьютерлік ойындардағы сияқты, кәсіби түрде, кеуде тұсында ұстап, көздеп атты. Асықпай, байсалды қозғалды. Әпкем автоматты үш адамды байқапты. Бірақ олардың артында ұқсас бір-екі адам болған. Анаммен, әпкеммен бірге тобыр ортасына сүңгіп, қаша жөнелдік. Жарық өшіп қалды. Қашқан бойы метро жаққа шығаратын әлдебір сыртқы есікке жеттік, алайда ол тарс жабық тұр. Дәлізді бір айналып шығып, басқа есікті таптық. Далаға жүгіріп шыққанда жедел жәрдем не полиция көлігінің дабылын естімедік, олар келмеген сияқты", – деді Милена.

Теракт орнында құтқарушылар және тергеушілер жұмысы жалғасуда.

New York Times Ақ үйдегі анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, бұл терактіні "ИГИЛ-Даиш" ұйымдастыруы мүмкін деген байламға келді. Лаңшылдардың өзара келіссөздерін тыңдаған америкалық барлаушылар "Вилаят Хорасан" және "ИГИЛ-Даиштың" ауғанстандық бөлімшесі Мәскеуде теракт жасауды жоспарлап отырғанын анықтапты және бұл туралы наурыздың басында Мәскеуді құлақтандырған. ТАСС агенттігі АҚШ-тың Кремльмен тиісті ақпаратын бөліскенін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу