"Единая Россия" жеңісті мерекелеп жатыр

3343

Орталық сайлау комиссиясы бұл партияның парламенттегі 450 орынның үштен екі бөлігін иеленгенін растады. Бұндай басымдық оған Конституцияға президенттің қалауы бойынша өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді. 

"Единая Россия" жеңісті мерекелеп жатыр

Президент Владимир Путинге жақтас "Единая Россия" партиясы Ресейде үш күн бойы өткен парламенттік сайлауда ең көп дауыс жинап жеңіске жетті. Кремльдің қарсыластары дауыс беру кезінде үлкен алаяқтыққа жол берілді деп шағымданып отыр.

Дүйсенбіде бюллетеньдердің 99 пайызы есептеліп болғаннан кейін, Орталық сайлау комиссиясы "Единая Россияның" 50 пайызға жуық, Коммунистік партияның 20 пайызға жетер-жетпес дауыс жинағанын мәлімдеді. Бұған дейін "Единая Россия" 2016 жылы 54 пайызбен ұтқаны белгілі, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Осы жеңістің арқасында "Единая Россия" 450 орындық Мемлекеттік Думаның төменгі палатасындағы депутаттық мандаттардың үштен екісінен астамына ие болады. Бұндай басымдық оған өзгелерге қарамай, өзіне тиімді заңдарды  қабылдауды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермек.

Кремль сайлау нәтижесін жоғары бағалап, кезінде Путин негізін қалаған "Единая Россия" өзінің жетекші партия рөлін растағанын және сайлаудың ашық, бәсекелі әрі әділ өткенін атап өтті.

"Коммунистер көрсеткіштерін жақсартты және де жақсы жұмыс істеген жаңа партиялар пайда болды",– деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Кремль сыншыларына сенсек,  дауыс беру кезінде үлкен бұрмалаушылықтарға жол берілген. Сонымен қатар, олардың сөзінше,  жаңадан енгізілген электрондық дауыс беру жүйесі "Единая Россияның" оппоненттерін Мәскеуде жеңістен айыру үшін қолданылған.

Мәскеудің кейбір коммунистері алданып қалғандай күйге түсіп, жақтастарын дүйсенбінің кешінде Ресей астанасында наразылық акциясын өткізуге шақырды. Бірақ орталық алаңды полиция бүгін түстен кейін жауып тастаған.

"Мұндай көп заң бұзушылықпен Мемлекеттік Думаға өткен сайлаудың нәтижесін таза, адал немесе заңды деп тану мүмкін емес", – дейді Кремльдің түрмеде отырған сыншысы Алексей Навальныйдың одақтасы, Любовь Соболь, Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Бірақ сайлау органдары анық заң бұзушылықтар кездескен учаскелерде кез- келген нәтижені жойғанын және жалпы конкурс әділ өткенін мәлімдеп отыр.

Путин! Путин! Путин!

Дегенмен, бұл нәтиже Ресейдегі саяси ландшафтты өзгертпейді деген болжам бар. Себебі 1999 жылдан бері президент те, премьер-министр де болған Путин 2024 жылы өтетін президенттік сайлауға дейін басымдықты ешкімге бермек емес.

68 жастағы президент Батыспен қарсыласып, ұлттық мақтанышты қалпына келтіргенін айтып көптеген ресейліктер арасында беделді тұлғаға айналды.

Сайлау қорытындысына оралсақ, Коммунистік партия екінші, ЛДПР 7 пайызбен үшінші, "Справедливая Россия" төртінші орынды иеленген. Бұлардың барлығы әдетте Кремльді көптеген маңызды мәселелер бойынша қолдап отырады.  Ал, "Жаңа адамдар" атты жаңа партия парламентке 5 пайыздан сәл асатын көрсеткішпен бесінші партия ретінде енуі мүмкін.

Сайлаудың алдын ала нәтижесінен кейін "Единая Россияның" штаб-пәтерінде өткен мерекелік митингте Ресей басшысының одақтасы - Мәскеу мэрі Сергей Собянин "Путин! Путин! Путин!" деп ұрандатты. Ал, билік шетелдік агент деп айыптаған "Голос" ұйымы мыңдаған заң бұзушылықты тіркеді.  Соның ішінде байқаушыларды қорқыту мен бюллетеньдерді топтап тастау фактілері тіркеліп, олардың дәлелі әлеуметтік желілерде тарады.

"Единая Россия" бұрынғы Мемлекеттік Думада 450 орынның төрттен үш бөлігін иеленген еді. Бұл үстемдік былтыр Кремльге конституциялық өзгерістерді қабылдауға көмектесті. Сол реформа Путинге 2024 жылдан кейін тағы екі мерзім президент болып сайлануға және 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік береді.

Кремль осы жолғы сайлауда саяси қуғын-сүргінге жол бергенін жоққа шығарып, жеке тұлғалар заң бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ "Единая Россия" кандидаттарды тіркеу процесінде ешқандай рөл ойнамағанын жеткізді.

Мәскеулік Анатолий есімді зейнеткер болса, Путиннің Ресейдің ұлы державалық мәртебесін қалпына келтіру әрекетін мақтан тұтқаны үшін "Единая Россияға" дауыс бергенін айтады.

"АҚШ пен Ұлыбритания сияқты елдер бізді қазір 60-70-ші жылдары Кеңес Одағын құрметтегендей азды-көпті сыйлайтын болды. ... Англо-саксондар тек күштің тілін ғана түсінеді",– дейді ол.

Ресми деректерге қарағанда, үшкүндік сайлауда дауыс беруге құқылы электораттың 47 пайызы ғана қатысқан.

"Мен дауыс беруден нәтиже жоқ деп ойлаймын. Өйткені біз үшін бәрі күні-бұрын шешіліп қойды ғой",– дейді Ирина есімді мәскеулік шаштараз.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу