Аралас жекпе-жекте жартылай ауыр салмақ (84-тен 93 келіге дейін) - бұл спортшылардың күші мен ұтқырлығын біріктіретін ең керемет дивизиондардың бірі. Егембердиев пен Барнетт арасындағы жекпе-жек үш раундқа есептелген болатын. Бір кездері ең әйгілі әлемдік промоушен - UFC жекпе-жектеріне қатысқан Барнеттің дене бітімі суретте қазақстандыққа қарағанда ірілеу болып көрінген еді.
Барнетт спорттық мансабында шаршы алаңға 25-ші рет, ал Егембердиев он бесінші рет шықты. Ағылшындық спортшы барлығы он бес, қазақстандық он бір жеңіске жеткен. Соған қарамастан бұл жекпе-жекте Егембердиев мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бірінші айналымда қазақстандық қарсыласын бірнеше соққылармен торға тақап, сол қолының дәл соққысымен нокаутқа жіберді.
Осылайша, Егембердиев өзінің ММА-де кәсіби мансабындағы он екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал соңғы шілде айында өткен кездесуінде қазақстандық ресейлік Насрудин Насрудиновке есе жіберген болатын. Жалпы, Егембердиев 2020 жылы үш жекпе-жек өткізді. Наурызда ол поляк Карол Селинскимен жұдырықтасып, оны бірінші раундта нокаутқа жіберді.
Сондай-ақ, осы шоу аясында тағы бір қазақстандық өнер көрсетті. Жеңіл салмақтағы Нұрсұлтан Қасымханов ресейлік Әлихан Сүлеймановпен кездесу өткізді. Қарсыластардың спорттық мансабындағы көрсеткіштері бірдей болды. Екеуі де 13 жекпе-жек өткізіп, 11 мәрте жеңіске жетсе, екі рет жеңіліс тапқан. Осындай көрсеткіштен соң барлығы да тең нәтиже күтті. Алайда үш раундқа арналған дуэльдегі тең айқас бірдей нәтиже бермеді. Сүлейманов алғашқы секундтардан бастап шабуылға шығып, жекпе-жекті өз бақылауына алды. Нәтижесінде, екінші раундта ол қазақстандықты тұншықтыру әдісімен жеңді. Осылайша 28 жасар Қасымханов спорттық мансабында үшінші рет жеңіліс тапты.
Ермұхамед Мәулен