"Егемендігіміз бен тұтастығымыздың бұзылуына жол бермейміз"

1296

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қазақ тілінің өрісі шектеліп жатпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

"Егемендігіміз бен тұтастығымыздың бұзылуына жол бермейміз"

Ол қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін жеткізді.

"Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатыр. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл  заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі",деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

"Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамамызға сәйкес, оны қолдануға кедергі жасауға болмайды. Болашағын отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды",– деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекараекеніне тоқталып: 

"Орыс тілі БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек.  Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің егемендігі мен тұтастығының бұзылуына жол берілмейтінін жеткізді.

"Ұлттың ұйысуы одан әрі дамудың басты факторы. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. "Бірлігіміз – әралуандықта" деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді!",– деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы мемлекеттік саясаттың магистралды бағыттарының бірі болып қала беретінін, қазақстандықтар үшін келісім мен толеранттылық өмірдің мәні екенін айтты.

"Біз Конституцияға сәйкес – бірыңғай ұлтпыз. Біздің күшіміз сөзсіз осында", деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы радикализмнің кез келген формасына тосқауыл қойылатынын жеткізді.

"Егемендігіміз бен тұтастығымыздың бұзылуына жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет",– деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу