"Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны: байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және береке-бірлігіміз"

6241

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетінде "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты көлемді мақала жариялады. Онда қазақтың жеріне, тіліне, тарихы мен ұлттық құндылығы мен мүддесіне қатысты толғамды ойлар айтылды.

"Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны: байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және береке-бірлігіміз"

Мақаланың "Бағдар мен белес" бөлімінде Президент тәуелсіздіктің отыз жылында қол жеткізген жетістіктер мен бағындырған белестер туралы айтты.

"Азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Ал үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық", – деді Мемлекет басшысы.

Әр онжылдықтағы жетістіктерге жеке тоқталған Президент алдағы төртінші онжылдықтың елге жүктейтін міндеті туралы да айта кетті. Мемлекет басшысының айтуынша, осы кезеңде қазақ қуатты елдің иесі және кемел халық болуы керек. Ал қазақстандықтар болса, елде жасалып жатқан игіліктер мен экономикалық өсімді сезіне алуы тиіс.

"Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мақаласының "Таным мен тағылым" бөлімінде ұлт шежіресі мен құндылығын түгендейтін көптеген іргелі жобалар қолға алынып, том-том еңбектер жазылып жатқанымен, оның көпшілігі ел тұрғындарына жетпей жатқаны айтылды. Сондықтан Мемлекет басшысы құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға, атап айтқанда, ашаршылық кезеңіндегі тарихи деректерді нақтылауға, желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандарды насихаттауға, Алаш қайраткерлерінің тағылымды мұрасын игеруге бағыттауды тапсырды және көркем, деректі туындыларда мемлекеттілік пен мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін де еске салды.

Мақаладағы "Қоғам мен құндылық бөлімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз" екеніне тоқталып, осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтау қажеттігін баса айтты. Президенттің айтуынша, қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Ал еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл.

"Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда "Ештен кеш жақсы" деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақты қандай қиындықтан да аман алып келе жатқан басты қүдірет – ел бірлігі екеніне тоқталған Президент қазақ халқы ешкімді де жат көрмей, бауырына басқанын, қай этностың да өсіп-өніуіне толық жағдай жасағанын айта келіп, қазақтың ырыс-ынтымаққа негізделген осы жарасымын бағалай білу керектігін жеткізді.

"Ұлағат пен ұстаным" бөлімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға да үлкен жауапкершілік артып, өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттау керектігін айтты. Осыған байланысты "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындауды ұсынды. Бұл грант еліміздің ең талантты жастарына берілмек.

"Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. "Тәуелсіздік бәрінен қымбат!" деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!", – деп сөзін түйіндеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу