Егін біркелкі әрі бітік шықты – Айдарбек Сапаров

14492

16,5 млн литр пестицидті субсидиялауға 37 млрд теңге беріледі. 

Егін біркелкі әрі бітік шықты – Айдарбек Сапаров

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі егістіктің жайы-күйі мен егін жинауға дайындық жайын сөз етті.

"Биыл ауыл шаруашылығы алқабының көлемі  22,5 млн гектар болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 238 мың гектарға көп. Оның ішінде әртараптандыру мақсатында жем-шөп және майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайды. Егін егу жұмыстары уақытылы жүргізілді. Нәтижесінде егін біркелкі әрі бітік шықты. Пандемия салдарынан болған шекетулерге қарамастан, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағар май, сапалы тұқым, тыңайтқыштар және техникамен дер кезінде қамтылды. Шаруалар алқаптарға шамамен 450 млн тонна минералды тыңайтқышты пайдаланды. Тыңайтқыштар қолданылатын жердің көлемін ұлғайту мақсатында биыл 26 млрд теңге субсидия көзделген. Бұл шамамен 522 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға көп", – деді Айдарбек Сапаров.

Вице-министр сондай-ақ фитосанитария мәселесіне тоқталып, өсімдіктерді қорғауға арналған құралдарды сатып алу үшін биыл 37 млрд теңге субсидия беру көзделіп отырғанын айтты. Бұл шамамен 16,5 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар егіннің бүгінгі жағдайы да сөз болды. 

"Бүгінгі күні дәнді және бұршақты дақылдар алқаптарының 48%-ының жағдайы жақсы, 49%-ы қанағаттанарлық, 3%-ы нашар деп бағалануда. Егер ауа райы жақсы болып, қазіргі жұмыстарды уақытында бітірсек, бәрі жақсы болып кетеді деп ойлаймын. Елдің оңтүстік өңірлерінде күздік дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жүріп жатыр.  93 мың гектар бидай және 26 мың гектер арпа жиналуда. Орташа өнім гектарына – 17 центнер. Ал солтүстік облыстарда астық жинау тамыз айының ортасында басталады", – деді вице-министр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу