Егіндікөлдегі су мәселесін шешуге бөлінген 1 млрд астам ақша қайда кеткен?

1405

Егіндікөл ауданы белсенділері 2019-2022 жылдар аралығында ауданда су мәселесін шешу үшін бюджет бөлгенін анықтаған, алайда еш нәтиже жоқ. 

Егіндікөлдегі су мәселесін шешуге бөлінген 1 млрд астам ақша қайда кеткен? Фото: Фото Tengrinews.kz/Турар Казангапов

"Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның" Астана қаласы бойынша өкілдері еліміздегі су мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өткізді.

Қорғалжын мен Егіндікөл ауылы тұрғындары ауыз суға жарымай отыр, деп жазады Inbusiness.kz партияның Астаналық филиал төрағасы Талғат Омаров мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Жалпы 6500 жуық тұрғыны бар Егіндікөл ауданында жалғыз ауыз су көзі — Нұра топтық су құбыры. Сонау 80 жылдары тартылған құбыр осы күнге дейін жөндеуден өтпеген, салдарынан жыл сайын суды өшіруге тура келеді. Биыл тіптен жағдай нашарлап, 2 маусым күні ресми түрде Нұра топтық су құбырынан ұзақ уақыт бойы ауыз судың болмауына байланысты ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Алайда аудан тұрғындары атынан баяндама жасаған өкіл төтенше жағдайдың бетін қайтару жұмыстары тек осы қыркүйекте басталғанын айтады. 

"Егіндікөл ауылы биыл мүлдем сусыз қалды. Жергілікті тұрғындар айтуынша, әкімдік уақытылы бұл мәселеге назар аудармай, төтенше жағдай режимін қабылдауды ұзаққа созған, нәтижесінде тек қазір ғана, яғни қыркүйектің ортасына қарай мәселе "төтенше" болып қарастырыла бастады. Егіндікөл ауданы тұрғындары биыл бас мердігер төтенше жағдайдың (Сабынды ауылынан Егіндікөл ауылына дейінгі аумақ 64 шақырымды алады - ред.) бетін бері  қаратады деп үміттенеді", — деді өкіл.

Аудан әкімі тек 2021 жылы толықтай су құбырын қайта жаңарту қажеттігі туралы мәселе көтерген. 

"Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар ауданының аумағын басып өтетін су құбырының ұзындығы 337 шақырым. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамаға 100 миллион теңге бөлінген. 2023 жылы жобаны аяқтауға 287 миллион теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны 387 миллион теңге. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Ол төрт кезеңнен тұрады. Оның ішінде біздің ауданға екеуі қатысты. Біріншісінде Сабындыдағы бастапқы су құрылымы екіншісі су магистралі салынбақ. Егер бірінші және екінші кезеңге жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып  су құбырын қайта құруға қаржы бөлінсе жасалса мәселе шешіледі деп ойлаймын", - дейді Ерлан Мұхамедин Astana телеарнасына берген сұхбатында.

Талғат Омаров бұл аудандағы су тапшылығы бүгін ғана туындаған мәселе емес екенін, бұған дейін де қаражат бөлінгенін алға тартты. 

"Егіндікөл ауданы белсенділері 2019-2022 жылдар аралығында ауданда су мәселесін шешу үшін бюджеттен 1 млрд. теңген бөлгенін анықтаған, алайда еш нәтиже жоқ. Қорғалжын мен Егіндікөл ауылы тұрғындары әлі де ауыз суға жарымай отыр. Нұра су құбыры үлкен жүйе, оның екі саласы осы екі ауылға су тартады. Жергілікті билік осы күнге дейін жыртық жерлерін жамап, учаскелермен құбырды ауыстырып келген, алайда 90%-ы шіріп кеткен тізбекті неге бұрыннан толықтай жаңартпаған?! Мұны 20 жыл бұрын жасауы керек еді", — Астаналық филиал басшысы. 

Әлі күнге дейін сол қаражаттың қайда кеткенін ешкім білмейді, депутаттың айтуынша, жоба-сметалық құжаттарды қабылдауға жұмсалды дегеннің өзінде, оған шамамен "32 млн теңгеден" артық бөлінбеуі керек еді. Оған қоса аудан әкімінің соңғы мәлімдемесінде жоба-сметалық құжат күні кеше жасалып жатқаны айтылған болатын. 

Енді құжаттар реттелгеннен кейін су құбырын қайта құру үшін Республикалық бюджеттен тағы қаржы сұрамақ. Жоба құны 10 млрд бағаланып отыр. Егер төтенше жағдай арқылы шұғыл түрде резервтен қаржы бөлінсе биыл шамамен магистралдің 50-80 шақырымын ауыстырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу