EХРО-ны күнде көргіңіз келсе

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6993

Халықаралық көрме аумағынан тұрғын үй мен автопаркинг сатып алуға  болады. 

EХРО-ны күнде көргіңіз келсе

Келесі айдың алғашқы күнінен бастап EХРО аумағында орналасқан тұрғын үйлер мен автопаркингтер жекеменшікке беріледі.  

"Бәйтерек девелопмент" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаевтың сөзінше, осыдан 2 жыл бұрын EХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шет мемлекеттерден келген делегация өкілдеріне Ұлттық қор мен жобалау компанияларының қаржысына 42 тұрғын үй салынған. Осы ақшаны мемлекетке қайтару үшін жылжымайтын мүлік сатылады.  

Тұрғын үй мен автопаркингті қолма-қол ақшаға немесе ипотекаға сатып алуға болады.

"Базис-А" және "BI Group" құрылыс компаниялары салған 1300 пәтер мен 1300 автопаркинг қаншаға сатылатыны белгісіз. Бағаны тәуелсіз консалтинг компания анықтайды.

Белгілісі, барлық пәтер әрленген қалыпта өткізіледі. Бір бөлмелі пәтердің ауданы - 41,3-50,7, екі бөлмелі пәтердің ауданы - 60,8- 75,6, үш бөлмелі пәтердің ауданы - 85,3- 104,9, төрт бөлмелі пәтердің ауданы - 108,4-123,7 шаршы метрді құрайды.

"EХРО тұрғынжайларын сатудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өтініш  Digital Baiterek онлайн-платформасы арқылы қабылданады", – деді Асқарбек Өсербаев.

Айта кетейік, алдағы уақытта EХРО аумағында "Астана" халықаралық қаржы орталығы, "Astana Hub", "жасыл" технологиялар паркі, ІT-университет ашылады.

Бұл туралы "Астана EХРО -2017" ҰК" АҚ басқарма төраға­сы­ның орынбасары Владимир Лютов: "Президент ЭКСПО-2017 нысандарын  көрмеден кейін қолданудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Ол EХРО-2017 халықаралық көрмесінің мұрасын тиімді пайдалануды және әрі қарай дамытуды көздейді", – деді.

Оның айтуынша, EХРО заманауи техноло­гиялар мен стартап­тардың және инновациялық идеялардың алаңы болуы керек.

"EХРО кезіндегі C4.6 павиль­онында "Astana Hub" халықаралық ІT-стартаптар технопаркі орналастырылады. Бұл жерде дәрісханалар мен  конференц-залдар, виртуал­ды ақиқат жобаларын өңдеу зертханалары мен кеңселер болады", – деді Владимир Лютов.

Басқарма төраға­сы орынбасарының мәлімдеуінше, С3, С4 павильондарына "Астана" халықаралық қаржы орталығы қоныстанады.

"С3 блогында АХҚО-ның әкімшілік, халықаралық сот, комитет, қор биржасы сынды құры­лымдық бөлімшелері, ал С4 блогында банктер мен АХҚО-ның білім беретін мекемелері орналасады", – деді ол.

Қалған екі павильон ІT-университет пен заманауи бизнес-орта­лығына беріледі.

"ІT-университет еліміздің цифрлы экономи­касына жоғары білікті маман даярлаумен айналысады. Бизнес-орталықта халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары, сондай-ақ АХҚО-ның резидент-компаниялары қызмет көрсетеді", – деді Владимир Лютов.

"Үздік тәжіри­белер аймағы" павильонында халықаралық "жасыл" технологиялар орталығы құрыл­ады екен. Бұл туралы төрағаның орынбасары: "Экспозициялардың бір бөлігі "Үздік тәжірибелер аймағы" аясында сақталып қалса, екіншісі "Нұр Әлем" павильонына ауыстырылады. Осылайша біз EХРО мұрасын сақтап қаламыз", – деді Владимир Лютов.

Жария болғандай, қазір 6 гектар жерді құрайтын көрме аумағын абаттандыру мен көгал­дандыру жұмысы жүріп жатыр.

Парк аумағы "Тәуелсіз­дік" мону­менті жағынан ары қарай жалғасады. Бұл жерде бұған дейін Цирк дю Солей, Амфитеатр, Шелл павильоны болған. Алдағы уақытта EХРО аумағында су бұрқақтар шоуы, балаларға арналған ойын алаңдары пайда болады. Концерттік бағдар­ламалар үшін ашық сахна жұмыс істейтін болады", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу