Эйстер ханшайымы – Елена

938

Эйс жасаудан рекорд орнатқан еліміздің бірінші ракеткасы Майами турнирінде қанша сыйақы алды?

Эйстер ханшайымы – Елена

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Майамиде (АҚШ) өткен WTA-1000 турнирінің финалында жеңіліп қалды. Дегенмен, Рыбакина финалға қатысқаны үшін 662 360 доллар табыс тапты. Сондай-ақ қазақстандық 650 рейтингтік ұпайға ие болады.  Ал Еленаның финалдағы қарсыласы  чехиялық Петра Квитоваға келер болсақ, ол турнирде жеңіске жетіп, 1 262 220 доллар табысқа кенелді. Бұдан бөлек активіне 1 000 рейтингтік ұпай қосты. Биылғы жылы жалпы турнирдің жүлде қоры 8 800 000 долларды құрады.

Ал Еленаның биылғы маусымдағы тапқан табысына келер болсақ, ол қаңтарда Аустралияда Аделаидадағы екі турнирде, содан кейін устралияның ашық чемпионатында ойнады. Алғашқы екі турнирде Рыбакина жалпы сомасы 18 645 доллар табыс тапса, Аустралия ашық чемпионатында финалға дейін жетіп, ол үшін 1 121 250 доллар алды. Содан кейін қазақстандық теннисші БАӘ-де өнер көрсетті. Ол Абу-Дабидегі турнирде 21 075 доллар, Дубайда 31 650 доллар табыс тапты. Рыбакина АҚШ-та да сәтті өнер көрсетті. Индиан-Уэллстегі турнирде жеңіске жетіп, гонорары 1 262 220 долларды құрады. Майамидегі турнирдің финалына шыққаны үшін 662 360 доллар алды. Осылайша, қазіргі уақытта Елена Рыбакинаның 2023 жылғы жалпы табысы 3 117 200 долларды құрайды.

Қомақты табыс, рейтингтік ұпайдан бөлек еліміздің бірінші ракеткасы спорттық көрсеткіштер бойынша рекорд орнатты. Турнир барысында Елена Рыбакина ресейлік Анна Калинскаяны (64-орын) – 7:5, 4:6, 6:3, испаниялық Паула Бадоса (29-орын) – 3:6, 7:5, 6:3, бельгиялық Элиза Мертенсті (39-орын) – 6:4, 6:3, италиялық Мартина Тревизанды (24-орын) – 6:3, 6:0 және америкалық Джессика Пегула (3-орын) – 7:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді және соңғы үш маусымдағы осы көрсеткіш бойынша WTA турының үздік теннисшісі деп танылды.

Айта кетейік, Рыбакина ресейлік Анна Калинскаямен ойында 14, испаниялық Паула Бадосамен бәсекеде 12, бельгиялық Элиза Мертенспен және италиялық Мартина Тревизанмен жекпе-жекте 10-10-нан, америкалық Джессика Пегуламен матчта 11 және Петра Квитовамен финалда 12, барлығы 69 эйске қол жеткізді.

Марапаттау кезінде Елена өзін қолдаған жандардың бәріне, өз командасына алғысын білдіріп, келесі жылы Майамиге оралатынын айтты. Кейін әлеуметтік желідегі парақшасында:

"Бүгін ауыр күн болды, екінші орын, дегенмен Майамидегі екі аптаны тұтастай алғанда, оңды өзгеріс көп. Барлығына қолдағаны үшін мың алғыс. Енді аздап демалғаннан кейін топырақ төсенішіндегі маусымға дайындалатын боламын", - деп жазды.

Енді Елена қысқа демалыстан кейін елімізге оралады. Ол Қазақстан құрамасы сапында Билли Джин Кинг кубогында Польшаға қарсы кортқа шығады. Ойындар 14-15 сәуірде Астанада өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу