eJustice жүйесі қолданысқа рекордтық мерзімде енгізілді

17897

2020 жылы АХҚО құрамында 500-ден астам компания болуы мүмкін.

eJustice жүйесі қолданысқа рекордтық мерзімде енгізілді

Ағылшын құқығына негізделген және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына сай қызмет көрсететін "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) eJustice электрондық сот төрелігінің онлайн-порталын іске қосты.

Бұдан былай шағымданушылар портал арқылы АХҚО мен ХТО сотына әлемнің кез келген нүктесінен виртуалды талап-арыз жолдай алады.

"Біз АХҚО және ХТО соты арқылы дауларды дер кезінде шешу үшін eJustice электронды сот төрелігі жүйесін қолданысқа енгіздік. eJustice жүйесі - АХҚО мен ХТО сотына Еуразиялық аймақта азаматтық және коммерциялық дауларды оң шешуге ықпал ететін тиімді құрал болады деп үміттенеміз", – деді журналистерге АХҚО және ХТО сот аппаратының басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.

eJustice – әлемнің озық елдері кәдесіне жаратып отырған стандартты емес функционалдық мүмкіндігі мен сипаттамасы бар заманауи жүйе. Бұл туралы сингапурлық Crimsonlogic компаниясының бас директоры Со Кен Йиді: "АХҚО жаңа жүйені қолданысқа рекордтық мерзімде енгізді. Жаңа жүйе пайдалануға ыңғайлы әрі оңай болатынына сенімдіміз", – деді.

Біле жүріңіз, АХҚО жанынан құрылған ағылшын құқығына негізделген сот қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО-ның Англия мен Уэльстен келген 9 судьясын президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Судьяларды Англияның бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқарады. Ал арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енген. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің сараптауынша, АХҚО әлемдегі 100 қаржы орталығының ішінде 61- орында, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтарының арасында 2-орында тұр.

АХҚО құрылғаннан бері оған 100-ден астам компания тіркеліп үлгерді. 2020 жылы компаниялардың саны 500-ден асады деген болжам бар.

Естеріңізге салайық. 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО құру туралы Конституциялық заңға қол қойды, ал 2018 жылы 5-ші шілдеде оның тұсауын кесті.

АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік жасалған.

Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу