Екі айда 525 адам өзіне қол салды. Суицидті жеңе аламыз ба?

2166

Өмірімен қош айтысуға оқталатындар көбіне 35 жастан асқан ер адамдар.

Екі айда 525 адам өзіне қол салды. Суицидті жеңе аламыз ба? Фото: inbusiness.kz

Бар болғаны екі айдың ішінде (2023 жыл, қаңтар-ақпан) елімізде 525 адам өз-өзіне қол жұмсады. Оның ішінде ерлер саны – 434, әйелдер – 86, ал 18 жасқа толмаған балалар саны – 18.

Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсамақ болған 614 адам құтқарылды. Зерттеу бойынша, суицид жасауға оқталатын көбіне 35 пен 44 жас аралығындағы ерлер және 44 пен 54 жастағы әйелдер. Суицидтің жиілігі әйелдерге қарағанда ерлер арасында айтарлықтай жоғары.

Ал, балалар арасында қыздар (42) ұлдарға (16) қарағанда өз-өзіне қол жұмсау әрекетін көбірек жасағанын атап өткен жөн.

Жылдар бойы суицид рейтінгінде Қазақстан көшбасшы топтың тізімінде, және бұл тақырып турасында пікір көп. Inbusiness.kz тілшісі тағы да мәселенің себептерін іздеп көрді.

"Ұлттық медициналық қауымдастық" РҚБ филиалы психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко мәселенің мәні тереңде, дейді.

"Әлеуметтік дені сау қоғам құру өте маңызды. Себебі, өз-өзіне қол жұмсау отбасында туады. Суицидтің тамыры балалық шақта болған мәселелерде, қандай отбасында туып- өскенінде. Бірақ бізде мемлекет бұл мәселемен тікелей айналыспайды. Бізде бұл тақырыпта телешоулар жоқ, бұл туралы БАҚ-та айтылмайды және жеткілікті түрде жазылмайды, бұл міндетті түрде қажет. Яғни, денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекетке мәселенің түбірін іздеу керек", – дейді Владимир Стеблянко.

Оның айтуынша, қаржылық қиындықтардың суицидке қатысы өте аз. Яғни, қарызға белшесінен батқан адаммен салыстырғанда, отбасылық мәселесі бар жан депрессияға жақын.

"Қарыздар, несиелер, қаржылық жағдай маңызды, алайда өлімге әкелетін жетекші фактор емес. Кедейшілік көрген адамнан данышпан, табыстылар өсіп жатады. Олар көбіне әлеуметтік табыстың, білімнің, жақсы өмірдің бағасын біледі. Суицидке жетелеуші фактор – бұл отбасындағы өмір сапасы", дейді Владимир мырза.

Бұл ретте маман психологқа жүгіну қалыпты құбылыс екенін еске салды. Егер сіз ақылы маманның көмегіне жүгіне алмасаңыз, тәуліктің кез келген уақытында 150 бірыңғай сенім телефонына қоңырау шала аласыз. Сізге міндетті түрде көмек көрсетіледі.

Суицидке итермелейтін фактілер қатарында отбасылық мәселелер: маскүнемдік, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдар, отбасы мүшелері арасындағы ұрыс-керістер, т.б. мәселелер болса, кәмелет жасына толмаған балалар жауапсыз махаббат, ата-анамен тіл табысудағы қиындықтар, болашаққа деген сенімнің жоғалуы сынды мәселелермен бас қатырады. Қазіргі таңда бұл тізімге мектепте болатын қысым да қосылды.

"Бұған дейін оқушылар арасында сөзбен мұқату, тиісу, күш көрсету жағдайлары жиі кездессе, қазір реляция және кибербуллинг мәселелері өршіп тұр. Цифрландыру белең алған заманда адамды қара күшпен емес, сөзбен депрессияға жеткізуге болады, өкінішке қарай. Бұған дәлел әлеуметтік желіде тіркеліп жүрген психологиялық шабуыл әрекеттері", – дейді психолог Шолпан Қайратқызы.

Маман суицидтің алдын алуға болады, дейді. Ол үшін ата-ана баласының буллингке ұшырап жүргенін мына белгілерден ұғына білуі тиіс.

"Көп мәселенің шешімі – сөйлесу, ашық талқылау. Тіпті, балаңыз тұйық, интроверт болған күннің өзінде сырласу арқылы оның көкейінде жүрген проблеманы анықтап алуға болады. Себебі, кез келген бала ең әуелі ата-анасына сенеді. Өз басыңыздан өткен қиындықтарды айтып, бөліссеңіз, шешімі жоқ мәселе жоқтығын айтып, ұғындырсаңыз, баланы құтқаруға болады", – дейді ол.

Статистикалық деректер бойынша, балалар арасындағы суицидтің бәрі дерлік 13-18 жас аралығындағы жеткіншектерде тіркелген.

"Алдын алу жұмыстарының сапалы болғаны шарт. Ұзын-сонар сөздер мен дәрістердің қажеті шамалы. Мұндай жағдайда әлеуметтік тәжірибелердің көмегі тиімді келеді. Баланы психологқа жетелеуден бұрын өзіңіз маманға жүгініп, кеңес алыңыз. Яғни, балаға сыртқы көмек емес, ең әуелі ең жақын адамы ата-анасының қол ұшын созғаны маңызды. Баланың алғашқы психологы – сізсіз. Арадағы байланысты сезіп, шын ниетіңізбен көмек беруге тырысыңыз. Баланың жанын түсінуге асықпай, маманға жүгіне салу арқылы бәрі жақсы болып кетеді деп ойлау – қателік", – дейді Шолпан ханым.

Еске салайық, Қазақстанда мына телефон нөмірлері бойынша көмек алуға болады: 111, 112, 150, Астанада – 8 (7172) 54-76-03.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу