Екі айда ел экономикасы қалай өзгерді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2651

Жекелеген салалар бойынша бірнеше өңір шабандық танытты.

Екі айда ел экономикасы қалай өзгерді

Үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндағандай, екі айда ел экономикасының өсімі 3,5 пайызды құраған. Өсім негізінен тауарлар өндірісінің ұлғаюымен, қызмет көрсету секторындағы өсіммен байланысты.

"Инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде сақталды. Жылдың басынан бері инфляция 0,8 пайызды, ал жылдық мәнде 4,8 пайызды құрады", – деді Руслан Дәленов.

Инвестиция көлемі қаңтар айында төмендесе, ақпанда 4,2 пайызға өскен. Көрсеткіштің өсімі машиналар мен жабдықтарды сатып алумен, сондай-ақ "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистралды газ құбыры компрессорлық станциясының құрылысымен байланысты.

1 ақпандағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 88,8 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде алтын-валюта резервтері 30,6 млрд АҚШ долларына, ал Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд АҚШ долларына тең.

"Өнеркәсіп өндірісі қаңтар-ақпанда 2,7 пайызға өсті. Кен өндіру өнеркәсібінің дамуы тұрақты. Өңдеу өнеркәсібінде де оң серпін байқала бастады. Кен өндіруде түсті металдар кені, табиғи газ және мұнай өндіру орнықты өсім көрсетіп отыр. Жеңіл және химия өнеркәсіптері, пластмасса бұйымдарын жасау, сусын, мұнайды қайта өңдеу және машина жасау салалары өңдеу өнеркәсібінің көшін бастап тұр", – деді ұлттық экономика министрі.

Екі айда ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемі 3,6 пайызға ұлғайған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 пайызға өскен. Қызмет көрсету саласы 3,9 пайызға өсім көрсетті. Сауда саласының өсімі 7,6 пайызға тең болды.

"Автокөлік құралдарының, автобөлшектердің, мұнай өнімдері мен жанар-жағармайдың, қара және түсті металдар кенінің көтерме саудасы артты. Көлік саласындағы өсім 4,4 пайызға дейін жетті. Бұл жүк тасымалының артуымен байланысты", – деп нақтылады министр.

Өңірлердегі жағдай әртүрлі қалыптасып отыр. Мәселен, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары өнеркәсіп саласында артта қалуда. Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсаты, жалпақ илем және қоспасыз болат өндіру төмендеген.

Ал өнеркәсіп саласындағы жоғарғы өсім Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында қалыптасқан.

Ауыл шаруашылығы саласында жоғары өсімді әдеттегідей Ақмола облысы көрсетіп отыр.

Құрылыста Түркістан облысы көш бастады. Ал Астана мен Шымкент қалалары, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары артта қалған.

Негізгі капиталға инвестициялар тартуда Шымкент және Астана қалалары айтарлықтай шабандық танытса, Қызылорда облысы алда тұр. Бұдан бөлек, инвестициялардың өсімі Қарағанды, Түркістан және Қостанай  облыстарында да байқалған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу