"Бөбек" орталығының дерегінше, "Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен жарыққа келген "Өзін-өзі тану" бағдарламасы ұлтымыздың өзекті мүдделерімен үндесіп жатыр. Ол балалар мен оқушы жастарға рухани-адамгершілік білім беруді көздейді".
2009 жылдың 7 қазанында ел Үкіметі мектепке дейінгі мекемелерге, жалпы білім беру мектептеріне, колледждер мен педагогикалық жоғары оқу орындарына 2010 оқу жылынан бастап "өзін-өзі тану" пәнін жаппай енгізу туралы шешім қабылдады.
Дегенмен, ата-аналар қауымдастығы бұл пәнді ұзақ жылдан бері сынап келді. Өйткені оның мақсаты оқушылар түгіл, ересектерге де түсініксіз болатын. Мысалы, біраз жыл бұрын солтүстіктегі мектептердің бірінде мұғалім "Бөбек" орталығы бекіткен оқулықтарды жиып қойып, осы сабақта оқушыларына Библияны оқып жүрген көрінеді.
Бірақ мектеп директорларының айтуынша, "Өзін-өзі тану" курсының бағдарламасы 2014, 2016 және 2017 жылдары жаңартылыпты.
Әрине, "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін билік Елбасыға қатысты көптеген мұрадан бас тартуға ден қойғаны жасырын емес. Солардың қатарына аталған пән де іліккенге ұқсайды. Таяуда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы жаңа оқу жылында "өзін-өзі тану" пәні жойылатынын жариялады. Бірақ оны оқытып келген мұғалімдер жұмыстан босатылмайды, "әлеуметтік педагог есебінде жұмысын жалғастыра алады".
"Өзін-өзі тану пәні қазір 1-шіден 11-сыныпқа дейін аптасына бір рет, жұмада оқытылады. Келесі жылдан бастап, барлық 11 емес, тек 1-ші сыныпта ғана оқытылады. Бұл ретте оқушыларға таңдау беріледі. Егер балалар айталық, 5-ші сыныпта да осы пәнді оқығысы келсе, олар сондай мүмкіндікке ие болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Яғни, "өзін-өзі тану" міндетті пәннен факультативті пәнге ауыстырылады.
Жалпы, бұл пәннің қысқартылғанына оны оқытушылардан басқа, халық көп уайымдамайтынға ұқсайды. Бұл пәнді көп мектепте кім көрінген оқытып келгенін БҒМ басшысы да мойындады.
"Өзін-өзі тану пәнін оқытатын мұғалімдердің көпшілігі бүгінде әлеуметтік педагог есебінде жұмыс істейді. Сондай-ақ осы пәнді оқытушы мұғалімдердің басым көпшілігі басқа пәннің мұғалімі болып табылады. Олардың арасында психологтар, тарихшылар, өзге пәндердің мұғалімдері бар. Олардың барлығы өз пәніне қоса жұмыс істейді. Сондықтан педагогтер жаппай жұмыссыз қалады деген проблема жоқ", – деді журналистерге министр.
Мұғалім Гүлнәр Сейдуллаеваның айтуынша, жоғарғы оқу орындарында өзін-өзі тану мұғалімдерін даярлау бағдарламасы бұрыннан бар, бірақ ол мамандықтарға түсетіндер аз.
"Себебі, мектептер осы пән бойынша диплом талап етпейді. Содан ерінбегеннің бәрі 30 мың теңге төлеп, "Өрлеудің" 2 апталық курсын бітіреді де, 5 жыл бойы сабақ бере береді. Өзін-өзі тану сабақтарын көбіне завучтар мен психологтар өзара бөліп алады. Осы кезде дипломы бар мұғалімдер жұмыс таба алмай жүр, жұмыс істейтіндерінің өзіне сағат жетпей, қиналады. Бұл пән мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарларын сағатпен қамтамасыз ету үшін ойлап табылған сияқты. Онда басқа пәндер бойынша да диплом талап етпесін. Әрбір 5 жыл сайын "Өрлеуде" екі апталық курсты бітіріп, он жыл бойы дипломсыз осы пәнді оқытып келгендер бар", – дейді педагог.
Әйтсе де, бұл пәнді шеттету былтырдан басталғанға ұқсайды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері БҒМ-ге шағыммен жүгінген екен. Олар "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығында және "Бөбек" Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында курсты бітірген. Олардың айтуынша, мемлекет 2021 жылға дейін осы пән мұғалімдеріне ұлттық біліктілік тестінен өткені үшін үстемеақы төлеп келіпті. Бірақ БҒМ-нің бұйрығымен бекітілген жаңа тарификацияға сәйкес, былтырғы 1 қаңтардан бастап, "өзін-өзі танушыларға" ҰБТ үшін белгіленген үстемеақы алып тасталған.
Қарағандылық педагог Марина Маринченконың мәліметінше, университетте ұзақ жыл оқымай-ақ, қысқа курсты бітіріп, мұғалімге айналуға құмартқандар соңғы жылдары тым көбейіп кеткен.
"Соның салдарынан, тіпті педагогтер де өзін-өзі тану тану бойынша біліктілігін арттыру курстарынан уақытылы өте алмайтын жағдайға жетті. Мұндай курстарды негізінен "Бөбек" орталығы жүргізеді. Алайда ол тілек білдіргендердің үлкен тасқынын еңсере алмады. Бақылаушы органдардан тексерушілер келгенде, педагогтің сертификатының мерзімі өтіп кеткенін бетке басады. Оларға "Бөбекте" орын болмағандықтан курстен уақытында өте алмағанымызды айтып, ақталдық. Тіпті ақылы негізде де өту қиын", – дейді ол.
Бұл ретте сұраныс болған соң, ұсыныс та көбейеді. Өзін-өзі тану педагогтерін "бауырсақ пісіргендей" жылдамдықпен дайындайтын ұйымдар көбейе бастады. "Бөбек" пен "Өрлеу" сыртында "Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты" да ақылы негізде курс өткізуге кіріскен еді. Енді бұл мамандық иелеріне сұраныс еселеп азайғалы тұр.
Әрине, бұл пәнді керек деп санайтындар да жоқ емес.
"Мен мұғалім емеспін, бірақ ата-ана ретінде өзін-өзі тану пәнін бастауыш сыныптардан алып тастамаған жөн деген ойдамын. Бұл пән балалардың ой-өрісін жетілдіріп, оларды дұрыс бағытта тәрбиелеуге септігін тигізеді. Бұл сабақта оқушылар жақсылық пен жамандық, құндылықтар жайында ой толғайды. Сондықтан ағылшын тілі пәнімен, үштілдікпен жас бүлдіршіндердің басын қатырмай, одан да көркем еңбек, өзін-өзі тану пәндерін көбірек оқытқан дұрыс", – дейді бастауыш сынып оқушысының анасы Дана Қыстаубаева.
Алматылық Бибіайша Есенғазының пікірінше, бұл пән керек.
"Тек оны қалай қызықты, мазмұнды өткізу керектігін мұғалімдер біле бермейді, сабақты іш пыстырарлық етіп өткізеді. Өзін-өзі тануды қалдыратын болса, жұмысына келіп-кетіп, уақыт өткізетін адам емес, сол үшін шығармашыл, креативті ойлайтын ұстаздар даярлауы қажет", – деді Бибіайша.
Жанат Ардақ