"Екі елді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды": Президент қазақ пен корей халқы туралы айтты

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады.   

"Екі елді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды": Президент қазақ пен корей халқы туралы айтты Фото: Ақорда

Осылайша, Сеулде Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі "Достық" ордені табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент мән-маңызы ерекше рәсімге жиналған қауымға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей ежелден достас халықтар екеніне назар аударды.

– Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы екі ел арасында терең саяси диалог орнап, сан қырлы ынтымақтастық нығайғанын атап өтті.

– Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді, – деді Президент.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу