2019-жылғы әлем кубогының қола жүлдегері және Олимпиада лицензиясының иегері Сәкен Бибосынов Сербияда өткен Belgrade Winner халықаралық турнирінің жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз финалда Қырғызстан боксшысы Азат Үсенәлиевтен басым түсті.
Сонымен қатар Ертуған Зейнуллаев ел қоржынын тағы бір алтынмен толықтырды. Ол финалдық бәсекеде 63 келіге дейінгі салмақ бойынша ресейлік бокшсы Артур Субханкуловты тізе бүктірді.
Ал 2018-жылы өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрбек Оралбай финалдық кездесуде Ұлыбритания өкілі Бенджамин Уиттакерге қарсы сынға түсті. 81 келідегі салмақта өткен кездесуде Нұрбектің қарсыласы одан мықты болып шықты. Нәтижесінде жерлесіміз күміс жүлдені қанағат тұтты.
91 келіге дейінгі салмақта финалда Василий Левит ресейлік Тимур Гамзатовпен кездесіп, қарсыласына есе жіберді. Осылайша, ауыр салмақтағы қазақстандық турнирдің күміс медалін иеленді. Бұған дейін ол Мохамед Барриді (Сьерра-Леоне) және Вагкан Нантизанянды (Греция) жеңген болатын. Ал Василий Левиттің әуесқой бокстағы мансабындағы негізгі жетістіктеріне келер болсақ, ол Олимпиаданың күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және Азияның үш дүркін чемпионы атанған.
Сондай-ақ ресейлік боксшыға жол берген қазақстандық команданың өкілі Абылайхан Жүсіпов (69 кг) және британиялықтардан жеңілген тағы екі боксшымыз Нұрқанат Райс (75 кг) пен Нұрлан Сапарбай (91кг) турнирдің қола жүлдегерлері атанды.
Ермұхамед Мәулен