Екі күннен соң депозитке тым көп ақша салуға шектеу күшіне енеді

2077

Қазақстандықтарға маңызды ескерту: 13 қыркүйектен бастап жеке тұлғалардың банк салымдарын қабылдау қағидалары өзгереді.  

Екі күннен соң депозитке тым көп ақша салуға шектеу күшіне енеді Фото: ЖИ

Алайда бұл жаңа шектеулер барлық салымшыға бірдей қатысты емес. Бір адамның банктегі жинақтарының ең жоғары жиынтық көлемі 20 миллион теңгеден аспауға тиіс: бірақ бұл тек базалық банктік лицензиясы бар банктерге ғана қатысты, деп жазды inbusiness.kz.

Қазақстанның ірі банктерінің клиенттері үшін жағдай басқаша: жетекші қаржы ұйымдары әмбебап лицензияларға көшіп те үлгерді. Демек, аталған шек-лимиттер оларға таралмайды. Сондықтан енді салымшы үшін жинағының көлемі емес, ол жинақтың қандай лицензияға ие банкте сақтаулы тұрғаны бірінші кезекте маңызды.

Бұл өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) басқармасының 2026 жылғы 25 тамыздағы №124 "Базалық банк лицензиясы бар банк активтерінің жиынтық көлемінің шекті мәнін және базалық банк лицензиясы бар банк қабылдайтын жеке тұлғалар депозиттерінің мөлшерлерін белгілеу туралы" қаулысымен бекітілді.

Құжат ресми түрде тек 2026 жылғы 3 қыркүйекте жарияланды. Сондықтан жаңа ережелер қаулы бірінші ресми жарияланғаннан кейін тура 10 күн өткенде, яғни, 13 қыркүйекте қолданысқа енеді.

Банкіңіз әмбебап лицензия алып үлгерді ме?

Қазақстанның жаңа реттеу жүйесіне көшуі аясында өз банкіңіздің лицензиясының түрін тексеріп қойғаныңыз жөн. ҚНРДА дерегінше, еліміздегі барлық 23 екінші деңгейлі  банктің ішінде әмбебап лицензияларды мыналар қайта ресімдеп, алып үлгерді:

  • Halyk Bank (Халық банкі),
  • Kaspi Bank,
  • Freedom Bank,
  • "Home Credit Bank" (ForteBank ЕD АҚ),
  • Alatau City Bank,
  • ForteBank,
  • KMF Bank,
  • Altyn Bank,
  • Bank RBK,
  • Отбасы банк,
  • Ситибанк Қазақстан,
  • Қазақстан-Зираат Интернешнл Банк,
  • Еуразиялық банк,
  • Қазақстандағы Қытай Банкі,
  • Шинхан Банк Қазақстан,
  • ЦентрКредит банкі,
  • Нұрбанк,
  • ВТБ Банк (Қазақстан),
  • Bereke Bank.

Қалған банктер лицензияларын "Банктер туралы" заңының 132-бабына сәйкес әмбебап түрге ауыстырып жатыр. Олар 2026 жылғы 19 қыркүйекке дейін көшіп үлгеруі керек. Әйтпесе, "базалық" банкке айналады.

Осылайша, дәл қазір Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктер әзірге жоқ. Демек, №124 қаулының 13 қыркүйекте күшіне енуі қолданыстағы салымшылардың банкте 20 миллион теңгеден артық ақша сақтауына кенеттен тыйым салынады дегенді білдірмейді. Егер осы датадан кейін банкіңіз "базалық" деңгейде қалып қойса, онда осы сомадан асқан ақшаңыздың тағдырына алаңдауға тура келуі мүмкін.

"Іні" банктерге қандай лимиттер қойылды?

№124 қаулы базалық банктік лицензиясы бар банктерге арналған шектеулерді белгіледі. Реттеуші агенттік мұндай ұйымдардың қызмет ауқымын да, олар қабылдай алатын жеке тұлғалардың қаражат көлемін де шектеді.

Жаңа қаулыға сәйкес, біріншіден, базалық лицензиясы ғана бар банк активтерінің жиынтық көлемінің шекті мәні әрбір айдың есепті күнінде 500 000 000 000 (бес жүз миллиард) теңгеден аспауға тиіс.

Екіншіден, банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда, базалық лицензиясы бар банк қабылдайтын жеке тұлғалардың депозиттерінің мөлшерлері және олар бойынша күнделікті қалдықтар:

  • ұлттық валютадағы жинақтау салымдары (депозиттері) бойынша 20 000 000 (жиырма миллион) теңгеден;
  • ұлттық валютадағы өзге де депозиттер (банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда) бойынша 10 000 000 (он миллион) теңгеден;
  • шетел валютасындағы депозиттер бойынша (банктік шоттардағы ақшаны қоса алғанда) 5 000 000 (бес миллион) теңгеден аспауға тиіс.

Бұл ретте ақшаны бірнеше банктік өнімге бөліп тастап, жеке сақтау арқылы рұқсат етілген осы қаражат көлемін жасанды ұлғайту мүмкін болмайды.

"Егер жеке тұлға базалық лицензиясы бар банкте бірнеше түрлі депозит пен банк шотын ашқан болса, онда барлық депозиттеріндегі, соның ішінде банк шоттарындағы ақшасының жиынтық күнделікті қалдығы ескеріледі. Ол 20 000 000 теңгеден аспауға міндетті", – деп хабарлады агенттік.

Яғни, белгіленген 20 миллион теңгелік шек – бұл азаматтардың осы сомадан артық ақша ұстауына тыйым салынатынын білдірмейді. Шектеу нақты клиенттің базалық лицензиясы бар бір банктегі жиынтық қалдығына ғана қатысты.

Шектеулер "әмбебап" банктер клиенттеріне неге әсер етпейді?

Жаңа ережелердің мәнін түсіну үшін банктік салада жүріп жатқан реформаны ескеру қажет. 2026 жылға дейін Қазақстан банктері жалғыз, бірыңғай банктік лицензия бойынша жұмыс істеді.

Ал, 2026 жылғы 19 наурыздан бастап қолданысқа енген "Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы" жаңа заң екі түрлі лицензияны – базалық және әмбебап лицензияларды енгізді.

Заңның 132-бабында бекітілген өтпелі ережелер қолданыстағы банктерді алты ай ішінде лицензияларын әмбебап түрге қайта ресімдеуге міндеттеді. Өтпелі кезеңнің мерзімі 2026 жылғы 19 қыркүйекте толық аяқталады.

Жаңа модель банктерді бизнесінің ауқымы мен күрделілігіне қарай бөледі. Базалық лицензия ең алдымен шағын банктер мен нарықтың жаңа қатысушыларына арналған. Олар үшін жеңілдетілген реттеуші талаптар қарастырылды. Бұл елімізде жаңа банктердің пайда болып, бәсекелестік күшеюі үшін жасалыпты.

Алайда сонымен бірге бұлардың активтерінің көлеміне, жеке тұлғалардан жинайтын депозиттеріне және жекелеген операция түрлеріне шектеулер қойылады.

Әмбебап лицензия банк қызметтерінің кең спектрін атқара алатын орташа және ірі банктерге арналған. Олар үшін капиталға, өтімділікке және тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптар жоғары. Есесіне активтер мен жеке тұлғалардың депозиттерінің мөлшеріне ешқандай шектеулер қойылмайды.

Базалық лицензиялы банк те салымдар тартып, клиенттерді несиелей алады және есеп айырысу-кассалық қызмет көрсете алады. Алайда енді банктік операциялардың бір бөлігі олар үшін қолжетімсіз. Нақтылағанда, олар шетелдік компанияларды, бейрезиденттер мен үлестес тұлғаларды несиелеуге, туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелерге, шетелдік активтерге инвестиция салуға және басқа да күрделі трансшекаралық операцияларға жіберілмейді.

Егер "базалық" банктің тасы өрге домалап, байып, активтері белгіленген 500 миллиард теңгелік шектен асып кетсе, онда ол әмбебап лицензияға көшуге немесе көрсеткіштерін заңмен көзделген шеңберге қайтарып, төмендетуге мәжбүр болады.

Банктік нарықта не болып жатыр?

Заңның жаңа талаптары дағдарыс аясында емес, керісінше, банк секторының байыған кезінде күшіне енуде. Бұл сала сенімді өсу даңғылымен ілгерілеп келеді.

Бүгінде Қазақстанда екінші деңгейлі 23 банк жұмыс істейді. Арасында 10 еншілес банк және мемлекетке жүз пайыз қарасты бір алып – Отбасы банк бар.

Қаржы секторының активтері тамсанарлық межеге – 75,6 триллион теңгеге жетті. Тек шілде айының өзінде активі 1,9%-ға өсті. 2026 жылдың басынан бергі өсім 6,9%-ды құрады.

Қазақстандықтардың жинақ жасауға деген құлшынысы да, мүмкіндігі де артып келеді: депозиттер шілдеде 1,5%-ға өсіп, 50,9 триллион теңгеге жетті. Ал, жыл басынан бері 6%-ға ұлғайды.

Оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 1,8%-ға өсіп, 22,5 триллион теңгеден асқан. Жеке тұлғалардың депозиттері 1,3%-ға өсіп, 28,4 триллион теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2,3%-ға өсіп, 41,2 триллион теңгеге жетті. Валюталық депозиттер 1,5%-ға қысқарып, 9,7 триллион теңгені құрады.

Нәтижесінде, Қазақстандағы долларлану деңгейі 2026 жылғы маусымдағы 19,7%-дан тамызда 19,1%-ға дейін төмендеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу