Екі ойында екі ойлы қалдық

1462

Футзалдан Қазақстан құрамасы Ақтау қаласында екі жолдастық кездесу өткізді. Бүгін екінші матчты да жеңді.

Екі ойында екі ойлы қалдық

Алғашқы матчта қарсыластар бір-бірінің аңдысын аңдып, тактикаларын түсінісе алмай жүрді. Алайда ойын барысында қонақтар мүмкіндіктерін мүлт жібермей 3 гол салды. Қазақстан құрамасы сапынан Шыңғыс Есенаманов көзге түсіп, маңызды пастар мен әдемі гол салды. Шыңғыстың голынан кейін есеп теңесіп, ұлттық құрамамыз сенімділік алды. Одан кейін Дуглас тепкен пенальтиді де айта кетуіміз керек. "Темір адам" деген лақап аты бар Жуниор допты қақпаға шегедей қадады. Одан кейін Әзербайжан құрамасы қақпашының орнына алаңда ойнайтын футзалшы шығарды. Нар тәуекелге барып, таразы басын теңестіреміз деген есек дәмелері өздерінің есін шығарды. Себебі, бос қақпаға Эдсон гол салып, матч тағдырын шешіп тастады. Ойын барысында Дінмұхамед Сүлейменов те алаңға шығып, ұлттық құрама сапындағы 100 матчын ойнады. Көп жылдар бойы капитан болған Димаш Сүлейменов қоштасу матчын өткізіп, жанкүйерлерге алғысын жаудырды. Ал ұйымдастырушылар Сүлейменовтың иығына шапан жауып, марапаттарын аямады.

Ұлттық құрамада жалпы 100 матч өткізген ойыншы жоқ еді. 41 жасқа келген Сүлейменовтің ізін жалғап келе жатқан Шыңғыс Есенамановта қазір 89 матч бар. Ал үшінші орында қазір қақпашы Игита тұр. Ол еліміздің бас командасы үшін 80 ойын өткізді. Қазақстан – Әзербайжан арасындағы алғашқы жолдастық кездесуде Дәурен Тұрсағұлов өзінің 40 кездесуін өткізгенін де айта отырайық.

Екінші жолдастық кездесу бүгін аяқталды. Есеп 6:5, Қазақстан құрамасының пайдасына. Бұл матчта Шыңғыс Есенаманов, Альберт Ақбалықов және Тайнан деген үш ойыншымыз екі екіден 6 гол салды. Ал қарсылас команда сапынан Вилела көзге түсті. "Қайратқа" ауысқан бразилиялық шабуылшы сұрмерген екенін тағы бір көрсетті. Эалпы алғанда екі ойын да өте қызықты өтті. Ақтау қаласының футзал жанкүйерлері трибуналарды лық толтырып тамаша қолдау көрсетті.

Қазан айында Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары басталады. 2024 жылғы додаға бару үшін құрамамыз Черногория және Словения командаларын жеңуі тиіс. Бірінші ойын Словенияның алаңында өтеді. Бұл матч 8 қазан күніне жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу