Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң шығарушы органның жұмысын қорытындылап, Құрылтайдың алдағы қызметіне сәттілік тіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отыз жылдық тарихындағы соңғы отырысы өтті. Ертең палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиямыз ресми түрде жабылады. 1 шілдеден бастап халқымыздың қолдауын тапқан жаңа Ата заңымызға сәйкес, Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Тамыз айында бір палаталы Парламент –Құрылтайға сайлау өтеді. Осылайша 1995 жылғы Конституцияға негізделген қос палаталы Парламент өзінің отыз жылдық миссиясын абыроймен аяқтайтын болады. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды сәт. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция бүкіл саяси жүйемізді жаңғыртып, елдің қарқынды дамуының негізі болатыны сөзсіз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, реформалардың басты мақсаты – тәуелсіздікті күшейту, әділетті Қазақстан құру және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.
"Сондықтан егемен еліміз әрі қарай да өсіп-өркендеп, жаңа белестерді бағындыра береді деп толық сенеміз. Ұлт мүддесін көздейтін өзгерістер бәрімізге баянды болсын. Жалпы екі палаталы Парламент 30 жыл бойы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеді деп айтуға толық негіз бар", – деп атап өтті Сенат спикері.
Сенат төрағасы осы кезеңде Сенаттың 890-нан астам жалпы отырысы өткізіліп, 3,5 мыңнан аса заң қабылданғанын айтты. Олардың ішінде әрбір оныншы заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасағаны белгілі болды.
"Сенаторлар өздеріне жүктелген миссияны толық орындауға бар күш-жігерін жұмсады. Осы тарихи сәтте ең алдымен Мемлекет басшысына өзімнің және барша сенаторлардың атынан бізге артқан жоғары сенімі, реформаларды бірлесе жүзеге асыруға берген зор мүмкіндігі және тұрақты қолдауы үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сенаторлар Президентімізге, мемлекетшілдік қағидатына, заң үстемдігіне және халық алдындағы жауапкершілікке әрдайым адал болып қала береді", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикері Құрылтайдың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.