Екі шабандоз екі жүлде алды

1680

"Астана" Про Тим велокомандасының екі шабандозы бір жарыста топ жарды. 

Екі шабандоз екі жүлде алды

Италияда өткен "Гранд Триттико Ломбардо" жарысында қазақ велокомандасының екі шабандозы бір күнде топ жарып, қайта жалғасқан веломаусымның алғашқы жүлдесін алды. Варезе қалашығының маңында өткен тартыста Горка Исагирре қарсыластарынан озып шықты. Соңғы таулы кезеңге келгенде ол алдына жан салмады. "Астана" шабандозы мәрені бірінші болып кескеннен кейін, қалың нөпір спринтерлер өзара бәсекелестік құрды. Бұл топтың ішінде де біздің команданың өкілі Алекс Аранбуру бірінші болды. Нәтижесінде алғашқы екі орынды "Астана" командасы иеленсе, үшінші орын Олимпиада чемпионы Грег Ван Авермаатқа бұйырды. 

"Бұл менің спорттық ғұмырымдағы ең есте қалатын күндердің бірі. Жаңбырлы күнде осылай жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Алекс Аранбуру екеуміз жұп құрап, көшбасшы топтың арасына еніп алдық. Кейіннен мен өз мүмкіндігімді пайдаланып кеттім. Сосын менің қасымда болған Алекс екінші орын алды. Бұл жалпы команданың жеңісі. Біз бүгін өте қарқынды жұмыс істедік", дейді Горка Исагирре. 

199 шақырымға созылған біркүндік жарыс Лениньо елді-мекенінде басталды. Осы тұста бірден жауын жауып, жол тайғақ болып кетті. Бастапқы кезде шабандоздар қақтығысып, тайғанап құлап жатты. Алексей Луценко мен Давиде Мартинелли екеуі де бір құлап алды. Әйтеуір ауыр жарақат алмапты. Ол екеуі де жарысты соңына дейін жүріп өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу